Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі күкірт қышқылы зауыттарын жекенің қолына беруді ұсынды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстанда өндірілген күкірт қышқылының 80%-ы уранды байытуға жұмсалады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі күкірт қышқылын сату нарығындағы бәсекелестіктің жағдайына талдау жасады. Оның нәтижелері бойынша нарықты дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.

Айта кететіні, Қазақстанда өндірілген күкірт қышқылының 80%-ы уранды байытуға жұмсалады. Сонымен қатар индустриялық дамыған елдерде күкірт қышқылы минералды тыңайтқыштар өндірісінде, қорғасын аккумуляторларында, кен өңдеуде, мұнай, металл өңдеу, азық-түлік, тоқыма және басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады.

«Сонымен бірге нарықты талдау Қазақстанның ресурстық әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайтынын көрсетті. Күкірт қышқылын өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланылатын күкірттің 93%-ы шетелге экспортталады», – деп жазылған талдауда.

Бұл ретте әлемдік күкірт қышқылын тұтыну нарығы жыл сайын артып келеді және ол инвестициялық тартымды сала.

Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агентті бірнеше ұсыныс әзірледі. Мәселен, жекешелендіру бойынша Ұлттық кеңсе аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның күкірт қышқылы зауыттарын бәсекелестік ортаға беру мәселесі қаралуда.

Сонымен қатар жаңа күкірт қышқылы зауыттарын іске қосуға арналған жобаларға мемлекеттің қатысу үлесі қайта қаралмақ.

Бұған қоса, күкірттің бірыңғай сатып алушысын анықтау бастамасынан бас тарту, себебі бұл жағдайда нарықтың тұралап қалу тәуекелдері бар.

Талдау нәтижелері бойынша «Казцинк» ЖШС-нің әрекеттерінде басым жағдайды асыра пайдалану белгілері байқалды.

«Сондай-ақ, «KAP Logistics» ЖШС үшін күкірт қышқылының жеткізушілері арасындағы бәсекеге қарсы келісімдердің белгілері бойынша, оның ішінде лоттар бойынша бөлу арқылы сауда нәтижелерін бұрмалау әрекеттері анықталып, тергеу басталды», – деп хабарлады агенттік.

Еске сала кетсек, акционерлері Samruk-Kazyna Ondeu (90,11% акция) және «Қазатомөнеркәсіп» (9,89% акция) болып табылатын Степногорск күкірт қышқылы зауыты – SSAP ЖШС өзінің өндірістік қуатын арттыратынын хабарлады.

2024 жылы қаңтарда «Қазатомөнеркәсіп» АҚ «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС-ге иелік етуін тоқтатты.

Сондай-ақ оқыңыз