Лукашенко сынына жауап: СІМ Беларусь елшісіне қазіргі геосаяси жағдайға қатысты Астана ұстанымын түсіндірді
Беларусь президенті Александр Лукашенконың сынынан кейін Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Беларусь Республикасының елшісі Павел Утюпинді шақыртқан. Министр Беларусь тарапына қазіргі геосаяси жағдайға қатысты Астана ұстанымын түсіндірген. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Министр Қазақстанның БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізін қалаушы нормаларына сәйкес теңгерімді және бейбіт сыртқы саясат жүргізіп жатқанын атап өткен. Сонымен бірге еліміздің мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушілікті саяси және дипломатиялық жолдармен шешуді дұрыс санайтынын жеткізген.
«Қазіргі геосаяси жағдайда Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан еліміздің сыртқы саяси бағыты өзінің тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты Беларусь тарапын қазіргі процестерге қатысты Астананың ұстанымын объективті бағалауға шақырамыз», – деп мәлімдеген министр.
Сонымен бірге екі тарап кездесу барысында Қазақстан мен Беларусьтің екіжақты деңгейдегі, сондай-ақ көпжақты ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселесін де талқылаған.
Айта кетсек, бірнеше күн бұрын Беларусь президент Александр Лукашенко «Россия» телеарнасына берген сұхбатында посткеңестік кеңістіктегі кейбір елдерді Ресейге қатысты «тұтынушылық көзқараста» деп айыптады.
Ол Ресей мен Беларусьтің бір қайықта отырғанын айтқан.
«Егер қайық аударылып кетсе, Ресей де, Беларусь те суға батып кетеді. Біз кейбір посткеңестік мемлекеттеріміз сияқты әбігерге түсіп жатқан жоқпыз. Олар Ресейден бірдеңе алғылары келеді, бірақ орнына ештеңе бермейді», – деп сынады Лукашенко.