Енді миллиондап айлық алатындар МӘМС-ке де көбірек жарна төлейді. Министрліктің бұл ұсынысы қашан жүзеге асады?
Енді 1 миллион немесе одан да жоғары жалақы алатындар МӘМС-ке көбірек жарна төлеуі мүмкін. Бұл жайында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов мәлімдеді.
Бүгінгі қолданыстағы заңда МӘМС-ке аударылатын жарна қазақстандықтардың табысының 2%-ынан алынады. Алайда бұл талап жоғары жалақы алатындарға жүрмейді.
«Айлығы 850 мың теңгеден жоғары болса, онда сақтандыруға төлемейді. Яғни, МӘМС-ке аударылатын жарна қарапайым азаматтардың табысының 2 пайызынан алынса, бұл талап 850 мыңнан жоғары алатындарға қатысы жоқ. Біз министр, әкімдердің еңбек өтіліне байланысты 1-1,2 млн аралығында айлық алатынын білеміз. Демек олар МӘМС жарнасына осы 1,2 млн теңгенің 2%-ын емес, 850 мың теңгенің 2%-ын ғана төлейді. Сіздер мысалы кедей де, бай адамдар да төлеуі керек, ортақ қазынаға түскен ақшадан әр адам емделу керек деп айтасыздар. Бұл қаншалықты әділетті?»,- деп сұрады БАҚ өкілі.
Қор басшысы журналист келтірген мәліметті растады. Сөзінше, қолданыстағы бұл механизмді өзгертуді қазір Денсаулық сақтау министрлігі қарастырып жатыр.
«Иә, заңда көзделген негізгі талап Сіз айтқандай 850 мың теңгеден асса, оның үстінен төленбейді. Қазір осы мәселе министрлікте қарастырылып жатыр. Министрлік тарапынан ұсыныс бар, қор да өз есептерін берді. Болашақта басқа мемлекеттік органдар қолдайтын болса, заңдық бастама ретінде ұсыныс енгізілетін болады,- деді Әбілқайыр Сқақов.
Қор басшысы нақты қандай ұсыныс енгізілетінін түсіндіріп берді. Айтуынша, бүгінгі күндегі 850 мың шекті мөлшерді 4,5 млн теңгеге дейін көтеру көзделіп отыр.
«Қазір шекті мөлшер 10 минималдық айлық болса, соны 50 минималдық айлыққа дейін көтеру ұсынылып отыр. 850 мың теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін көтеру мәселесі қарастырылуда», – деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылдан бастап МӘМС жарнасы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінен 50 есеге дейін артатынын хабарлаған болатын. Бұл өзгеріс жалақысы 850 мың теңгеден астам табысы бар жалдамалы қызметкерлердің 9%-ына әсер етуі мүмкін. Ал қалған жұмысшылардың 91%-ы үшін ештеңе өзгермейді.
Жарнаны кім қалай төлейді?
Қазір орташа жалақысы 300 мың теңгені құрайтын қызметкерлер МӘМС-ке 6 мың теңге жарна төлейді екен. Егер 1,5 млн теңге кіріс кіретін жағдайда, бұл орташа еңбекақыдан 5 есе жоғары дегенді білдіреді. Мұндайда 10 ЕТЖ (850 мың теңге) көлемінде жоғарғы шек іске қосылады. Нәтижесінде жарна 17 мың теңге немесе кірістің 1,1%-ы көлемінде болады. Ал 3 млн теңге кіріс кіретін азаматтардың жалақысы орташа еңбекақыдан 10 есе жоғары. Олардың МӘМС-ке төлейтін жарнасы сол – 17 мың теңге немесе кірістің 0,6% мөлшерінде қала береді.
Өзгерістен кейін табысы 4 млн 250 мың теңгеден асатын 2,3 мың қызметкер үшін МӘМС-ке жарналар бес есе артады. Бұл елдегі барлық жалдамалы жұмысшының 0,04% құрайды. Мұндайда 2024 жылға арналған ЕТЖ көлемі есепке алынып жоғарғы шек 4,2 млн теңгені құрайды. Яғни кіріс жоғары болған сайын, жауапкершілік те жоғарылайды.