Медициналық сақтандыру қорының басшысы жалақысы мен топ-менеджерлерінің сыйақысын айтты
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов топ-менеджерлерінің қанша сыйақы алатынын айтты. Қор басшысы бұған дейін олардың «миллиондаған сыйақы алады» деген ақпаратарды жоққа шығарды.
Сқақовтың айтуынша, ӘМСҚ топ-менеджерлерінің жылына алатын максималды сыйақысы 650-700 мың теңгені құрайды.
«Сақтандыру қорының басқармасында 5 топ-менеджер бар. Олар соңғы үш жылда ешқандай бонус алмады, бұрын да, қазір де алған емес. Жылына 650-700 мың максималды мөлшердегі сыйақыны орынбасарым екеуіміз алдық. Оның өзі диекторлар кеңесінің шешімімен шектелген. Сондықтан бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ал ұжым алатын сыйақылар нақты қызметкердің KPI жетістігіне байланысты», – деді Сқақов.
Басқарма төрағасы өзінің қанша жалақы алатына қатысты сұраққа да жауап берді.
«Жалақыма тоқталайын. Қолға 1 млн 400 мың теңге аламын», – деді Әбілқайыр Сқақов.
ӘМСҚ топ-менержерлерінің миллиондап сыйақы мен бонус алатыны туралы ақпарат осыған дейін де тараған еді. Мәселен, былтырғы жылы директорлар кеңесі Басқарма төраға жалақысының шекті мөлшерін белгілеген. Ол уақытта басқарма басшысы таза қолға 1,39 млн теңге алған.
Еске салсақ, Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізіп, кейбір медициналық ұйымдардың қаражатты орынсыз пайдаланғанын анықтаған болатын. Атап айтқанда, кейбір мекемелер медициналық қызметтерге қордан да, емделушіден де қосарланған төлем алып отырған. Ал енді бір ұйымның жеке орны мен медициналық жабдықтары болмағанына қарамастан, қордан қаражат алып келгені белгілі болды.