Кәсіпкер Еркін Тәтішев ағасын өлтірген Мұратхан Тоқмәдидің «үлгілі тәртібі» үшін шартты түрде босатылуына қарсы
23 тамызда Алматы облыстық соты банкир Ержан Тәтішевті өлтірген Мұратхан Тоқмәдиді мерзімінен бұрын босатуды қарастырмақ. Банкирдің туыстары бұған үзілді-кесілді қарсы. Еркін Тәтішев оған тағайындалған жазаны да тым жеңіл деп есептейді.
«Қандай шешім қабылданатынын білмейміз, бірақ біз тек фактілерді бөлісуге келдік. Халықаралық және қазақстандық тергеушілердің тұжырымына қарамастан, осы уақытқа дейін Тоқмади «мен кісі өлтіруші емеспін» деп мойындамай келеді», – деді Еркін Тәтішев.
Марқұмның бауыры оны мерзімінен ерте босататындай Тоқмадидің түрмеде тәртіпті болғанына да күмәнданып отыр.
«Көп адам біле бермейді. Десе де 2018 жылы 20 наурызда ол қашуға әрекет жасаған. Госпитальға медициналық тексеруге апарған кезде күзетшілердің қателігін пайдаланып, қашып кеткен. Құқық қорғау органдары оны екі тәулік бойы іздеп, ақырында тауып алған. Бірақ мерзімінен босату шешімінде үлгілі тәртібі туралы айтылады. Өз басым, тәртіпке бағынғанын көріп отырғаным жоқ. Оның басқа да жаза басқаны туралы деректер бар», – марқұмның бауыры.
Еркін Тәтішевтің пікірінше, бұл оқиға ел тарихында басқа да осы тақілеттес қылмыстарға жол ашып берген. Банкирдің қазасынан кейін Алматы қаласының бұрынғы әкімі Заманбек Нұрқаділов пен оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлы да өлтірілген.
«Зұлымдыққа есік бір мәрте ашылса, ол бүкіл жерді жайлап алады», – деп түйіндейді Еркін Тәтішев.
Ал Тоқмадидің жұбайы Жәмилә Аймбетова Тәтішевтің отбасына мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы неліктен хабарланбағанын білмейтінін айтты.
«Біздің позициямыз: бұл – заңды. Біз үшінші мәрте өтініш бердік. Енді бас тартуға себеп болмады. Неге оларға хабар бермегенін мен білмеймін. Соның кесірінен сот отырысын бір аптаға кейін шегерді. Алдыңғыларына да олар келмеген еді. Енді олар кешіктіріп (апелляциялық шағым) беріп отыр, (Сот шешімі) заңды күшіне енгенше білді. Бірақ сот бәрібір апелляция тағайындады. Біз әділ шешімді күтіп отырмыз», – деп мәлімдеді Жамила Аймбетова «Гиперборей» YouTube-каналында.
Рахат Әлиев пен Нартай Дүтбаевтің қатысы бар ма?
Танымал банкир Ержан Тәтішевті өлтіруге қатысы барлардың тізімі тек Мұхтар Әбіләзов және Мұратхан Тоқмадимен шектелмеуі мүмкін. Бұдан 20 жыл бұрын жасалған қылмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал Нартай Дүтбаев және Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев ұйытқы болуы ғажап емес. Марқұмның бауыры Еркін Тәтішев осылай деп мәлімдеді.
«Оқиға 2002 жылдан бастау алды. Бір жарым жыл бойы аңдыған. Ол кезде мұны «ағама қарсы рейдерлік шабуыл» деп атаған едік. Оның күзетшілерін соққыға жығып, түрлі месседж жіберіп, екі миллион доллар талап етті. Оның көлігін Молотов коктейлімен өртеп жіберуге де әрекет жасалды. Осы іс тергелген кезде тек бір жігіт қана сотталды. Ол барлық қылмысты өз мойнына алып, тек жалғыз өзі Ержан Тәтішевтен ақша алмақ болғанын айтқан», – дейді Еркін Тәтішев.
Еркін Тәтішевтің айтуынша, мұны жасаған «америкалықтар» деген лақап атымен танымал Сабырәлиев бандасы болып шыққан. Бұл қылмыстық топта жиырма шақты адам болған. Олардың үстінде Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевпен тығыз қарым-қатынаста болған Лев Нахманович тұрыпты.
«Лев Нахманович сол кезде ҰҚК органының көлеңкелі істеріне ұдайы қатысып жүрді. Тергеудің алғашқы күндері Нахманович те ұсталған еді. Сосын Дүтбаев істі жауып тастады. Бұл – ашық оқиға», – деді Еркін Тәтішев.
43 жыл ФТБ директоры болып қызмет атқарған Луи Фри бұл істің артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұрғанын және банкирдің қасақана өлтірілгенін айтты.
«ФТБ да біз тәуелсіз тергеу жүргіздік. Бұл істі қасақана кісі өлтіру ғана емес, жоспарланған қылмыс. Ұйымдасқан қылмыстық топтың рэкетирлері жасаған. Тәтішевтің БТА банктегі қызметінен кетіру үшін өлтіріп, Әбіләзов банкті өз бақылауына алды. Сыбайластарымен бірге сол кезде ол 60 миллиард доллар ұрлаған», – дейді Луи Фри.
ФТБ-ның бұрынғы басшысы, куәлік беруге де, өзі қайта тексеруден өтуге де дайын. ФТБ сарапшылары сол кезде оқтың артқы жақтан, тақап атылғанын дәлелдепті. Қазақстан тергеушілері де осындай қорытындыға келген. Сарапшы көлік сілкіне қозғалған кезде, оқтың абайсызда атылуы мүмкін емес екенін айтады.
Еске саламыз, 2004 жылы 19 желтоқсанда сол кездегі «ТұранӘлем» банкінің 38 жастағы төрағасы Ержан Тәтішев аңшылықта жүрген жерінде қайтыс болды. Сол кезде бұл кездейсоқ болған оқиға деп танылған еді.
2018 жылы Ержан Тәтішевтің өліміне байланысты іс бойынша «Қазқұрылысшы» құрылтайшысы, кәсіпкер Мұратхан Тоқмади тұтқындалды. Ол тапсырыс беруші ретінде Мұхтар Әбіләзовтің атын атаған еді. Тоқмәди қасақана кісі өлтіргені үшін 15 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды.
Тоқмади одан бұрын абайсызда кісі өлтірді деп бір жылға бас бостандығынан айырылған еді. Артынша рахымшылыққа іліккен.
Бұған дейін, ақпарат құралдары Тоқмадидің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін Алматы облыстық соты қанағаттандырғанын хабарлаған еді.