«ҚазМұнайГаз» Ресей және Қытаймен бірлесіп салатын полиэтилен зауытының құрылысына қанша қаржы кететінін айтты

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің аға тілшісі
Полиэтилен өндіретін зауытқа арналған инвестиция көлемі жария болды/ коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан, Қытай және Ресейдің полиэтилен өндіретін зауытты салу жөніндегі бірлескен жобасында күрделі салымдар (құрылыс-монтаждау жұмыстары, жабдықтарды, құрал-саймандарды, инвентарларды сатып алу және т.б.) шамамен 7 млрд доллардан 9 млрд долларға дейін болуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан қор биржасындағы (KASE) эмитент күнінде мұнай өнеркәсібі компаниясы басшысының орынбасары Диана Арысова мәлім етті. Алайда бұл тек ҚМГ немесе барлық үш қатысушының күрделі салымдары бола ма, соны нақтыламады.

 «Бұл жоба үшін күтілетін күрделі инвестиция деңгейі, 1 миллиард долларды алып-қосқанның өзінде, шамамен 8 миллиард долларды құрайды. Бұл әлі болжам болғандықтан, нақты соманы атау мүмкін емес. Шымкент мұнай өңдеу зауыты мен CASPI BITUM қуатын кеңейтуге күрделі қаржының нақты деңгейі кейінірек белгілі болады. Екі жоба да бағалау сатысында», – деді Арысова.

Оның айтуынша, бұл жоба бойынша соңғы инвестициялық шешімді қытайлық Sinopec қыркүйек айында қабылдайды. Инвестициялардың бір бөлігі бірлескен кәсіпорын деңгейінде қарыз есебінен қаржыландыру, ал бір бөлігі қатысушылардың жеке қаражаты арқылы толығады.

2022 жылдың қарашасында «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «Сибур Холдингі» және мұнай-химия жобаларының операторлық компанияларының қатысушылары «Полипропилен» және «Полиэтилен» Kazakhstan Petrochemical Industries және «Силлено» («Полиэтилен» жобасы) негізінде бірлескен кәсіпорындар құру туралы құжаттарға қол қойды. Тараптар бірлескен кәсіпорындағы серіктестік шарттарын, атап айтқанда, полиэтилен шығаратын зауыт құрылысы жобасына инвестициялауды, сондай-ақ кәсіпорынның дайын өнімін өткізу тәртібін анықтады.

Полиэтилен жобасы тарихы

Кейінірек қытайлық Sinopec компаниясының 30% үлесімен полиэтилен жобасына қатысатыны туралы белгілі болды. 2023 жылдың 18 мамырында Sinopec компаниясымен полиэтилен жобасының қағидаттары туралы келісімге қол қойылды. ҚМГ-ның бұрынғы басшысы Мағзұм Мирзағалиев «Sinopec-тің осындай технологиялық күрделі мұнай-химия нысандарын жобалау, салу және пайдаланудағы тәжірибесі жобаға оң әсерін тигізетінін» айтты.

2024 жылдың сәуірінде зауыттың меншік құрылымы мынадай екені белгілі болды: ҚМГ – 40%, Sinopec – 30%, Сибур – 30%. Сол кезде жобаның сметалық құны 7,7 миллиард долларды құраса, қуаттылығы жылына 1,25 миллион тонна полиэтиленді құрауы тиіс екені айтылды. Зауыт құрылысын 2024 жылдың екінші жартысындан бастап, 2028 жылы аяқтау жоспарлануда.

Кәсіпорын Атырау облысының Қарабатан қаласындағы арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасады. Мұнда полипропилен өндіретін зауыт жұмыс істеп тұр («Полипропилен» жобасы), оның 49,5%-ына ҚМГ иелік етеді.

«Полиэтилен» жобасын шикізатпен (этан) қамтамасыз ету үшін Теңіз кен орнында газ бөлу кешені салынады. Оның қуаттылығы жылына 9,1 миллиард текше метр құрғақ газды өңдеуді құрайды, оның ішінде 1,6 миллион тонна этан өндіру күтілуде. Ол өз кезегінде магистральдық құбыр арқылы Қарабатан учаскесіне жеткізіледі. Полиэтиленнің 22 маркасын өндіру жоспарлануда, оның 40%-ы Chevron Phillips және Univation технологиялары бойынша премиум-сортты болады.

Ішкі нарықтағы полимерлерге деген сұраныс жылына 240 мың тоннаны құрайды. Оның 67 мың тоннасы полипропилен, 173 мың тоннасы полиэтилен нарығына бағытталады. 2030 жылға қарай полипропилен мен полиэтиленге деген сұраныс екі есеге жуық артып, жылына 400 мың тоннадан асады деп күтілуде.

Сондай-ақ оқыңыз