Маймыл шешегімен күресуге жарты жылға 135 млн доллар қажет — ДДСҰ
Әлемде маймыл шешегі ауруының таралуын тоқтату үшін алдағы жарты жылда шамамен 135 миллион доллар қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус осылай деп мәлімдеді.
Ұйым басшысының сөзінше, қауіпті індетпен күресуде халықаралық қауымдастық тарапынан кешенді шаралар мен бірлескен іс-әрекетті қажет етеді.
«Біздің болжамымызша, аурудың өткір кезеңінде маймыл індетін тезірек тоқтату үшін алдағы алты айда шамамен 135 миллион доллар қажет», – деді ол.
15 тамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуіне байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялаған еді.
Айта кетейік, 22 тамызда Таиландта еуропалық туристен маймыл шешегінің жаңа, аса қауіпті штамы анықталды. Таиланд денсаулық сақтау министрлігінің пандемияны бақылау департаменті хабарлағандай, маймыл шешегінің Clade 1 мутацияланған түрі Бангкокқа өткен аптада Африкадан келген кавказдықтан анықталған. Ел билігі 66 жастағы науқастың 43 адаммен жақын байланыс орнатқанын анықтап, оларды бақылауға алды. Таиланд билігі Азиядағы Mpox вирусының жаңа штамының алғашқы жағдайын растады. Бұл ретте ел үкіметі mpox таралуын болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдауды бастады. Бұдан былай 42 елден келген саяхатшылар тексеріліп, бақылауға алынбақ.
Ал Қазақстанның ғалымдары маймыл шешегіне қарсы вакцина шығаруға әзір. Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазбиофарм» ұлттық холдингі және індеттерді зерттейтін бірнеше институт мәселе қозғап, қоздырушыларға қарсы ғылыми шешімдерді табуға әрекет етіп жатыр.