Дуровты қолдап пікір жазған Илон Маск пен Такер Карлсон Францияны сынады

Жарияланды
Илон Маск пен Такер Карлсон Дуровты қолдап, пікір білдірді/ фото kursiv.media

Парижде Telegram мессенджерінің негізін қалаған Павел Дуров тергелмек. Полиция Telegram есірткі айналымы мен тағы басқа қылмысты ашуға мүдделі болмады деген айып тағып отыр.

Дуровтың ұсталуына кейбір танымал тұлғалар әлеуметтік желілер арқылы наразылығын білдірді.

«2030 жылы Еуропада мемге лайк қойғаныңыз үшін өлім жазасына кеседі», – деп мысқылдады Илон Маск X әлеуметтік желісінде.

Ал америкалық журналист Такер Карлсон Франция үкіметі мен барлау қызметінің цензурасына құлақ аспаған соң Дуровты тұтқындады деген пікірін айтты.

«Павел Дуровтың (…) француз түрмесінде отырғаны – үкімет пен барлау агенттіктерінің талабы бойынша шындыққа цензура қоюдан бас тартатын кез келген платформа иесіне нақты ескерту», ​​- деді жазды жуналист X парақшасында.

Сәуір айында Павел Дуров америкалық журналист Такер Карлсонға сұхбат берді. Сол кезде ол Ресей мен АҚШ-тың барлау қызметі қысымға алғанын мәлімдеген.

«Жаңа компания құру үшін АҚШ-қа барғанда ФБР қысымына тап болдым. Әуежайдағы барлау агенттіктері мессенджердің жұмысы туралы көбірек білуге тырысып, Telegram-ға қатысты түрлі сұрақтар қойды. Бірде ФБР агенттері менің үйіме де келді», – деді Дуров.

Ол осы оқиғалардан кейін өзінің жаңа компаниясын АҚШ-та құру туралы ойдан бас тартқанын атап өтті. 

Бұдан бөлек, Дуров Ресейде де теперіш көргенін айтқан. VK әлеуметтік желісін басқарған кезде оған билік қысым көрсеткен. Содан кейін одан Украинада наразылық ұйымдастырушыларының жеке мәліметтерін көрсетуді талап еткен. Дуров бас тартқан кезде қауіпсіздік қызметкерлері оның үйінде тінту жүргізген. Ол осыдан кейін елден кетіп, Telegram желісін ашуды ұйғарды.

Дуров әлі де Ресей азаматы болып есептелінеді. Ресейдің Франциядағы елшілігі кәсіпкер көмек сұрамаса да, мән-жайды анықтап жатқандарын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз