Қазақстанның Цифрлық даму министрі мен Журналистер одағы Дуровтың тезірек ақталуына тілектес екенін мәлімдеді

Жарияланды
Цифрлық даму министрі Павел Дуровты қолдайтынын мәлімдеді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасылан Мәдиев француз билігін Павел Дуров пен Telegram командасынан кінарат іздемеуге шақырды. Ол Павелді қолдайтынын ашық айтты. Министрдің сөзінше, Қазақстанда Telegram – ең танымал мессенджер.

Жасылан Мәдиев министрлік Павел командасымен бірге сәтті жұмыс істегендерін хабарлады.

«Біз дербес деректердің таралуын, есірткі трафигімен күрес және мессенджердегі басқа да заңсыз әрекеттерді тоқтату бойынша мәселелерді бірнеше рет сәтті әрі жедел шештік. Telegram командасы әрдайым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастыққа дайын, құпиялылық пен  сөз бостандығын қорғау қағидаттарына адал болып келеді», – деп баға береді.

Қазақстанда Telegram-ды 12 миллионнан астам адам пайдаланады. Министр Telegram-мен конструктивті ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін айтты.

Павел Дуров Қазақстандағы ауыл балаларын қолдау көрсету үшін «IQanat» жобасы аясында $365 000 сомасына 12 грант бөлген.

«Ол тек қаржы бөлумен шектелмей, оқу процесін зерттеуге, балаларды іріктеуге, олардың өмірбаяны мен мектептегі үлгерімін зерделеуге тікелей қатысты.  Мен Павелдің командасына балалардың дамуына шын көңілмен қызығушылық танытып, жанашырлық танытқаны үшін ризамын. Аталған жағдайдың тезірек шешілуіне үміттенеміз», – деді Жасылан Мадиев.

Шілде айына Дуров Қазақстанды Орталық Азияның экономикалық державасы деп атап, елімізге сапары туралы жазды. Оны көктемде Қазақстанға министр Мәдиев шақырған.

Журналистер одағы да үн қосты

Қазақстан Журналистер одағы Франция билігін Павел Дуровтың негізгі құқықтары мен бостандығының сақталуын қамтамасыз етуге және аталмыш іс бойынша объективті тексеріс жүргізуге үндеді. Ұйым Telegram жетекшісінің ұсталуын демократия және сөз бостандығы қағидаларына қайшы деп санайды. «Павел Дуров негізін қалаған Telegram қазіргі таңда қоғамға объективті және цензурасыз сенімді ақпарат таратудың жалғыз көзі болып табылатынын ескеру маңызды», – деп атап өтті одақ.

2018 жылы Павел Дуров өзінің цензураға қарсы түбегейлі ұстанымы үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығының лауреаты атанған.

«Франция тарихи түрде бүкіл әлем үшін демократияның берік негізі және жетекшісі болып табылады, сондықтан Қазақстан Журналистер одағы демократия қағидасына жауап беретін әділ шешім шығаратындай тергеу амалдары объективті түрде жүргізіледі деген үмітте», – делінген ҚЖО үндеуінде.

Бүгін миллиардер Илон Маск пен журналист Такер Карлсон Х парақшасында Дуровқа қолдау білдіріп, жазба жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз