Ішкі істер министрлігі мен Қаржы мониторингі агенттігі қаржылық схемаларды бірлесе ашуға келісті

Жарияланды
Мұндай ынтымақтастық күрделі қаржылық схемаларды анықтауға мүмкіндік береді / Фото: архив kursiv.media 

Ішкі істер министрлігі мен Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық жолмен қаржы тауып жүргендерге бірлесе тосқауыл қоймақ. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховтың кездесуінде айтылды.

Бас қосу соңында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Кірістерді жылыстатудың қаупі басым. Осыған байланысты бұл құжат қылмыстарға қарсы күресте ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды бекітеді. Келісімде қаржы мониторингі органдары қызметкерлерінің полицияның жедел-тергеу топтарының құрамына кіретіні көрсетілген. Сондай-ақ follow the money қағидаты бойынша қаржылық тергеу әдісі енгізілмек.

Мұндай ынтымақтастық күрделі қаржылық схемаларды және қылмыстардан пайда табатын адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Министр Ержан Саденов қылмыс киберкеңістікке көшу арқылы өзгерістерге ұшырағанын, қылмыстық жолмен келген кірістерді жылыстату үшін көлеңкелі құралдар пайдаланылатынын атап өтті.

 «Бүгінде Астана мен Қарағандыдағы ведомствоаралық жедел-тергеу топтары есірткі саудасынан түскен ірі кірістерді заңдастыру және притондарды ұстау фактілерін анықтады. Мұндай оңды мысалдар бар», – деді ол.

Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Дмитрий Малахов Ішкі істер министрлігін қаржылық қылмыстармен күресте сенімді серіктес деп атады. Ол екі ведомствоның бірлескен іс-қимылы қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін пайдаланылатын қаржылық схемаларды жедел анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік беретінін айтты. Ведомство басшылары бірлескен жұмыс арқылы қазіргі замандағы сын-қатерлерге қарсы тұра алатынына сенімді.

Осыған дейін Қаржы мониторинг агенттігі Қазақстан, Ресей және Украина азаматтарына халықаралық іздеу жариялаған болатын. Іздеу салынған азаматтар қылмыстық әрекеттерінің арқасында 3,8 млрд теңге көлемінде пайдаға кенелген. Олар зорлық-зомбылық жасады және Алматы мен Алматы облысында 1 WIN онлайн-казиносын заңсыз ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

Сондай-ақ оқыңыз