Тянь-Шань мұздықтарының еруі: Қапшағай соңғы 10 жылда тұңғыш рет 100% толды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда тұңғыш рет 100% толды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 18 млрд текше метрден артық су жинап, 100% толды. Бұған Тянь-Шань тауындағы мұздықтардың еруі тікелей әсер еткен. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Қапшағайға судың үлкен көлемі Іле өзенінен жиналған. Қытайдан бастау алатын өзенмен көктемде секундына 900 текше метрге дейін су келген. Негізгі себеп Тянь-Шань мұздықтарының еруі мен жауын-шашынның көп болуынан деп отыр.

Суару жұмыстарынан кейін, Қапшағай су қоймасында дәл қазір 16 млрд 200 млн текше метр су бар.

«Қапшағай су қоймасы соңғы рет 2014 жылы 100%-ға толған болатын. Суару маусымы басталғалы Шеңгелді алқабының 6 мың гектар және Ақдала алқабының 28 мың гектар жеріне су берілуде. Бүгінгі таңда шаруалардың сұранысы бойынша секундына 750 текше метр су жіберіліп жатыр», – деді Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Медет Керімжанов. 

Министрлік қойманың толыққанды жиналуына Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерінің суын пайдалану туралы екіжақты келісімнің әсер еткенін жазады. Келісімде негізінен Ертіс, Іле және Емел өзендері туралы айтылған.

Көктемде жауын-шашынның көп болуы әсерінен Қазақстанның солтүстігі мен батысындағы су қоймалары 90% толған. Министрлік еліміздің су қоймаларына 75 миллиард текше метр су жиналғанын хабарлаған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге артық. Жиналған судың 12 миллиардтан астамы – тасқын суы.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Каспийді тасқын суымен толтырып, теңізге 6 млрд текше метрге жуық су жіберді. Қазақстанда су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жыл сайын 370 млрд теңгеге жуық қаражат керек. 

Сондай-ақ оқыңыз