Шекара бекеттеріндегі кептеліс: Қытай мен Ресей рұқсат бланкілерін аз бөлген

Жарияланды
Шекарада электронды кезек бойынша талон алу қиын ба?
Тасымалдаушылар электронды кезек бойынша талон алу қиындап кеткенін, ал шетелдік рұқсат бланкілері тапшы екенін айтады /Фото: shutterstock

Қазақстанның логистикалық компаниялары Қытай мен Ресейге жүк тасымалдай алмай отырғанын айтты. Тасымалдаушылардың айтуынша, «Нұрлы жол» және «Бақты» бекеттерінде кезек көп. Ал электронды кезек бойынша алған талоны шетелдік рұқсат бланкілерінің тапшылығына байланысты күйіп кетіп жатыр екен. Бұл жайлы кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП-да өткен жиында айтты.

Көп кәсіпкер жаңадан енгізілген цифрлы жүйе «CarGoRuqsat» арқылы күнбе-күн рұқсат бланкілерін алу қиындағанын айтты. Бұл портал арқылы кезекке талон алғанымен, шетелдің рұқсат бланкілері жоқ. Мәселен, Қытаймен шекарадағы «Нұрлы жол» және «Достық» бекетінде бір аптадан аса Қытайға өте алмай тұрған жүк көліктері көп.

«Қазіргі уақытта «Нұрлы жол» және «Достық» бекетінде кезекке бос орын жоқ. Бұл жағдай 16-19 тамыздан бері әлі реттелмеді. «CarGoRuqsat» бойынша кезек алу мәселесінде қиындықтар бар. Мен порталға 19 тамызда кірдім. Онда 31 тамызға дейін бос орын жоқ деп көрсетіп тұрды. Бірақ соған қарамастан, ара-тұра бос орындар пайда болып, 2 секунд ішінде жоғалып кетеді. Яғни бос орынның пайда болатынынан хабары бар біреу оны жылдам алып үлгереді. Бұл орындардың қайдан пайда болатыны түсініксіз. Мен сондай мүмкіндікті пайдаланып, порталда 31 тамызға дейін орын жоқ деп көрсетіп тұрғанына қарамастан 27 тамызға орын алып үлгердім. Электронды кезекке қатысты қандай манипуляция жүріп жатқанын түсіндіріп өтсеңіздер», – деп сұрады «ZALIA TRANS» транспорттық компаниясының басшысы Арбек Баймұхамедов.

Сонымен бірге компания басшысы бір аптадан бері Қытайдың рұқсат бланкілерінің тапшы екенін атап өтті. Айтуынша, кәсіпкерлер кезекке тұру үшін 1 АЕК көлемінде қаражат төлейді. Алайда сол алған кезегі бланк тапшылығына байланысты күйіп кетіп жатқан кәсіпкерлер бар. Транспорттық компания басшысының айтуынша, бір күнде шекарада 500-ге жуық жүк көлігі кезек талонын алады. Бір күнде жүргізушілердің 500 АЕК көлеміндегі төлемі күйіп кетіп жатыр.

«Әр күнге төленген 500 АЕК-ті 7 күнге көбейтсек, Мемлекеттік кірісітер комитеті көрсетілмеген қызмет үшін апта ішінде 13 млн теңгеге жуық пайда тауып отыр. Біздің электронды кезек үшін төлеген қаражатымыздың сомасы соншалық үлкен емес. Бірақ компаниялар жүкті кешіктіргеніне байланысты шығынға батып жатқанын ескеруіміз керек. Олар тапсырыс берушісінен айырылады, тауарының мерзімі өтіп кетеді», – дейді Баймұхамедов.

Кәсіпкер Қазақстанның мұндай мәселені Қытаймен не себепті алдын-ала шешіп алмағанын сұрады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі бұл мәселе Қытай тарапының шешіміне байланысты туындап отығанын айтты.

«Жалпы жүк көлігімен алмасу мәселесін Көлік министрлігі шешеді. Министрлік үнемі тиісті келіссөздер жүргізіп, қанша жүк көлігін жіберетіні жөнінде паритет алмасады. Бұл жолы мәселе Қытай тарапынан туындап отыр. Көрші ел не себепті паритет алмасу мәселесінің кешіктіріліп жатқанын түсіндірмеді»,– деді ол.

Тек Қытай тарапы ғана емес, сонымен бірге шетелдік рұқсат бланкілерін Ресей де аз берген. Салдарынан Семей облысының «Бақты» бекетінен де кәсіпкерлер көрші елге жүк өткізе алмай отырғанын айтты.

Комитет өкілі Ресей билігі де өзі бекіткен көлемде ғана бланк бөлетінін айтты.

«Біз олардан көп бланк сұраймыз. Бірақ бізге Ресей тарапы аз ғана бланк береді. Біз ол көлемді барлық бекет бойынша бөлеміз», – дейді комитет өкілі.

Сонымен бірге комитет қызметкері «CarGoRuqsat» бойынша қиындықтардың не себепті туындап отырғанын анықтайтынын жеткізді.

Осы орайда «Атамекен» ҰКП өкілі Еркебұлан Бейімбет мұндай мәселемен мекемеге арызданып жатқан кәсіпкерлердің көп екенін айтты.

«Біз бұл жерге кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін келіп отырмыз. Бекеттердегі жемқорлық тәуекелдері мен алаяқтық мәселесіне қатысты жұмыс жүргізуіміз керек. Бізге рұқсат бланктері бойынша арыздар келіп түсуде. Сондықтан осы мәселені назарларыңызға алып, тезірек шешулеріңізді сұраймыз», – деді ол.

Еске сала кетсек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан-Ресей шекарасында көлік қозғалысы шектелетінін хабарлады. Атап айтқанда 15-28 тамыз аралығында Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Құрманғазы» өткізу пунктінде көлікті өткізу кезінде қиындықтар туындайтыны, бұл аралықта аталған аумақта жол төсемін жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз