Telegram-мен байланысы бар Toncoin криптотокені Дуров ұсталғаннан кейін 2,7 млрд доллар жоғалтты

Жарияланды
Фото: Unsplash /Dimitri Karastelev

Telegram мессенджерімен байланысты Toncoin криптовалютасының бағалары Францияда Telegram басшысы Павел Дуров ұсталғаннан кейін 20%-ға құлдырады. Бірақ артынша ішінара болса да жағдайды түзеуге мүмкіндік алды. Bloomberg-тің бағалауынша, Toncoin 2,7 млрд долларға тең нарықтық құнын жоғалтты.

Толығырақ

Дүйсенбі, 26 тамыз күні таңертең көлемі жағынан оныншы ірі криптоактив саналатын Toncoin сенбі күнгі құлдыраудың орнын толтырды. Бірақ Павел Дуров Париж маңындағы әуежайда ұсталған сәттеге жағдаймен салыстырғанда, әлі де 16%-ға арзан саудаланып жатыр. Toncoin – the Open Network (TON) блокчейнге негізделген орталықтандырылмаған компьютерлік желінің жергілікті токені. Француз қауіпсіздік күштерінің Telegram-ның негізін қалаушыға деген талаптарынан туындаған белгісіздіктен кейін шамамен 2,7 млрд доллар жоғалтты деп жазды Bloomberg.

Кейінгі жылдары Toncoin бағасы үш есе өсті. CoinGecko мәліметтері бойынша, токеннің қазіргі нарықтық құны шамамен 14,4 млрд долларға тең.

TON блокчейні Telegram-ның 900 млн-нан астам ай сайынғы пайдаланушысына қолжетімді. Жобаның артында тұрған қор оны мессенджерден бөлек деп мәлімдеді. Бірақ Telegram мен TON арасындағы байланыстар, Toncoin-ді ең танымал криптовалюталардың біріне айналдырды. Pantera Capital Management мамыр айында Toincoin сатып алып, мұны өз тарихындағы ең үлкен инвестиция деп атады.

Инвесторлар не дейді?

2023 жылдың басында жабық инвестраундта TON токенін сатып алған DACM хедж-қорының негізін қалаушы Ричард Гэлвин Дуровтың ұсталуы ұзақмерзімді перспективада Telegram-ға қандай әсер ететінін «айтуға әлі ерте» деп мәлімдеді. «Демалыс күндері нарықтың реакциясы «TON бағасындағы бұл белгісіздікті ескерді», –деді ол.

Гэлвиннің айтуынша, TON мен мессенджер арасындағы қарым-қатынастың басты тартымдылығы «Telegram пайдаланушыларының кең базасын криптовалюта функционалдығымен таныстыру мүмкіндігінде». «Дегенмен Telegram-ның бәсекелестік позициясын әлсірететін кез келген нәрсе TON-ға да теріс әсер етеді», – деді ол.

Дуровқа не болды?

Павел Дуров сенбі, 25 тамыз күні кешке Париждегі Ле Бурже әуежайына келген кезде ұсталды. Le Monde мәліметтері бойынша, Telegram-да хабарлама модерациясының жоқтығы туралы айыптаулар іске негіз болған. Дуров кез келген цензураға қарсы және ол басқаратын мессенджер билікпен жұмыс істеуге құлықсыз. Дәл осы ынтымақтастықтың жоқтығынан және тиісті модерацияның болмауынан, Францияда Дуровты тұтқындауға санкция берілді, деп жазады Le Monde.

Басылымның хабарлауынша, OFMIN – кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күреске жауапты ведомство. Аталған ведомство жасырын түрде Telegram-да балалар порнографиясының таралуын тергеуді бастады. Le Monde бұдан кейін AFP ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып, бұл іске басқа зерттеушілер, соның ішінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы қызмет қосылғанын хабарлады. Franceinfo мәліметтері бойынша, қазір тергеу ісі жандармерия ұлттық кибер бөлімшесі мен алаяқтыққа қарсы ұлттық басқарманың қолында.

Дүйсенбіге қараған түні AFP тергеуге жақындығы бар дереккөзге сілтеме жасай отырып, Франциядағы сот Дуровты қамауда ұстауды 48 сағатқа ұзартты деп хабарлады. Ал Telegram командасы «бұл жағдайдың тезірек шешілуін» күтіп отырғанын айтты. Мессенджер ЕО заңдарын ұстанады деп мәлімдеді және оның модерациясы салалық стандарттарға сәйкес келеді әрі үнемі жетілдіріліп отырылады деп сендірді.

Мұндай танымал қосымшаның басшысын ұстау фактісі әлемде бірінші рет орын алып отыр, деп атап өтті Le Monde. Дәл мұндай жағдай 2016 жылы Бразилия судьясы Facebook-тің жергілікті топ-менеджерін тұтқындауға шешім қабылдаған кезде орын алды. Бірақ оны кейін жылдам босатып жіберді.

Контекст

Нарықта Telegram еурооблигацияларының бір шығарылымы айналымда 2,4 млрд долларға тең. Осы жылдың наурыз айында компания облигацияларды қосымша орналастыру есебінен 330 доллар тартты. Дуровтың айтуынша, бұл ұсынысқа қайта қол қойылған. «Біздің облигацияларға сұраныстың артуы әлемдік қаржы институттары Telegram аудиториясы мен монетизациясының өсуін оң бағалайтынын көрсетеді», – деп жазды сол кезде Дуров.

Сол айда Дуров Financial Times газетіне «Telegram келесі жылы табысты болады деп үміттенемін» деп мәлімдеді. Өйткені компания қор биржасындағы листингке жақындай түскен-ді. Оның айтуынша, инвесторлар мессенджерді 30 млрд долларға бағалап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз