Көлік министрлігі Балқашқа баратын жолды ақылы етуді ұсынды
Көлік министрлігі Қазақстанда тағы бір жолды ақылы етуді ұсынып отыр. Дәлірек айтқанда, Балқаш-Бурылбайтал жолы ақылы болмақ. Бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
«Республикалық маңызы бар I-Б санатты Балқаш – Бурылбайтал («Ресей Федерациясының шекарасы (Екатеринбургке) – Алматы» арасын байланыстыратын магистарльдің бір бөлігі) автомобиль жолының учаскесін ақылы негізде пайдалануды бұйырамын. Ақылы жолдың (учаскенің) ұзындығы — 91 км», — делінген құжатта.
Жоба 9 қыркүйекке дейін талқылауда болады.
26 тамызда белгілі болғандай, Алматыдан Алакөлге баратын жол ішінара ақылы болады. Көлік министрлігі Үшарал-Достық автокөлік жолына қатысты арнайы бұйрық жариялады. Онда республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын Үшарал-Достық автокөлік жолын ақылы негізде пайдалану туралы айтылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда ақылы жолдар тарифі 20%-ға қымбаттайтыны туралы жазған едік. Көлік министрі тарифті көтеру мәселесін бұған дейін көтерген еді. Айтуынша, Қазақстанда 2013 жылдан бері ақылы жолдың тарифі өзгермеген. Марат Қарабаев тарифті көтеру арқылы ақылы жолдың сапасын жақсартамыз деген болатын.