Штатқа енбегендерге еңбекақы төлеу, бір айда бірнеше жалақы алу: Қаржы министрлігі білім мекемелеріндегі заңсыздықтарды анықтады

Жарияланды
Білім саласында заңсыз қаржы операциялары анықталды/ фото kursiv.media

Қаржы министрлігі білім саласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит жұмысын жүргізді. Талдау нәтижесінде 36 мекемеде заңсыз қаржы операциялары анықталды.

Көбінде қосарлы (екі түрлі) есепке алу мен еңбекақыны бірнеше есе өсіру деректері дәлелденді. Ақтөбе қаласындағы №48 орта мектептің құжатында есепшінің жалақысы жылына 700 мың теңгеден астам деп көрсетілген. Шын мәнінде оның картадағы шотына ай сайын шамамен 3-5 млн теңге аударылып отырған.

Жымысқы жолмен табыс табудың тағы бір тәсілі – штатта жоқ қызметкерлерге қыруар қаражат төлеу.  Қарағанды қаласындағы №33 мектеп-балабақша кешенінде ондаған қызметкерге «жалақы беріліп келген». Тексеру кезінде екі есепшінің өз карталарына аударып, қалталарына ақшаны басқаны анықталды. Нақтысын айтқанда, мекеменің 207,4 млн теңгесі қолды болды.

Заңсыздық мұнымен шектелмейді. Петропавл қаласының №42 орта мектебінде бюджет қаражаты еңбекақы есебінен бір айда бірнеше мәрте төленген. Яғни бас есепші мен информатика пәнінің мұғалімі өздеріне 2023 жылы айына 3 реттен жалақы аудартқан. Сыйақы алушылар осылай 69 млн теңгені қалтаға басқан.

«Бұл заңды белден басудың ең танымал жолдары ғана. Осы ретте Қаржы министрлігі мемлекеттік органдардың бюджетін қалыптастыру және бухгалтерлік есеп жүргізу процестерін автоматтандыру есебінен нақты уақыт режімінде тиісті бақылауды күшейтіп жатқанын айта кетейік», – деді қабылданған шаралар жөнінде баянаған ведмство.

Биыл Қарағанды облысы Нұра ауданының прокуратурасы білім беру ұйымдарын тексерді. Ауданның кейбір мектептерінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік құралдар табылды. Белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін дезинфекциялық ерітінділер тіркелді. Мектептердің бірінде ішек таяқшасы бактериялары анықталды. Аудан прокуратурасының қадағалау актісі негізінде барлық бұзушылық жойылды. Тексеріс нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке, 17 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыз