Франция басшысы Макрон Дуровтың ұсталуының саяси шешім емес екенін мәлімдеді

Жарияланды
Макрон Дуров туралы нақты шешімді судьялар қабылдайтынын айтты/ фото kursiv.media

Парижде  Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың ұсталғаны қызу талқыға түсті. Дүние жүзіне танымал адамдар, белгілі қауымдастықтар оны жақтап, пікір жазып үлгерді. 26 тамызда Франция Президенті Эммануэль Макрон  алғаш рет пікір білдіріп, Дуровтың ұсталуы саяси шешім емес екені жөнінде Х парақшасында жазба қалдырды.

Президент мұның төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерді өтірік ақпарат деп жариялады. Макрон Франция еркін пікір білдіру мен коммуникацияны, инновация мен кәсіпкерлікті қашанда қолдайтынын мәлімдеді. Бірақ шынайы өмірде және әлеуметтік желіде азаматтар құқы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету заң аясында іске асатынын ескертті.

«Францияда Telegram басшысын қамауға алу бұған дейін жүргізіліп  келе жатқан сот тергеуі аясында қолға алынды. Бұл саяси шешім емес. Шешімді судьялар қабылдайды», – деп түйіндеді сөзін ЭммануэльМакрон.

Дуровтың ұсталуына кейбір танымал тұлғалар әлеуметтік желілер арқылы наразылығын білдірді.

«2030 жылы Еуропада мемге лайк қойғаныңыз үшін өлім жазасына кеседі», – деп мысқылдады Илон Маск X әлеуметтік желісінде.

Ал америкалық журналист Такер Карлсон Франция үкіметі мен барлау қызметінің цензурасына құлақ аспаған соң, Дуровты тұтқындады деген пікірін айтты.

«Павел Дуровтың (…) француз түрмесінде отырғаны – үкімет пен барлау агенттіктерінің талабы бойынша шындыққа цензура қоюдан бас тартатын кез келген платформа иесіне нақты ескерту», ​​- деді жазды жуналист X парақшасында.

Павелді қамауға алу мерзімі 28 тамызда аяқталады. Оған дейін құқық қорғау органдары нақты себебін жариялауы керек немесе абақтыдан босатуға тиіс. Дуров 12 эпизод бойынша айыпталып отыр.

Telegram командасы Дуров ұсталғаннан кейін 1 тәуліктен соң ресми мәлімдеме жасады. Әріптестері платформаның Еуроодақ заңдарын, соның ішінде цифрлық қызметтер туралы заңды сақтайтыны туралы жазған. Дуровтың Еуропаны емін-еркін аралап жүргені, оның жасыратын ешнәрсесі жоқ екеніне баса назар аударылған. 

«Платформаны адамдар теріс пайдаланғаны үшін оның иесі жауап береді деген түсінік ақылға қонымсыз», – делінген мәлімдемеде.

Telegram мессенджерімен байланысты Toncoin криптовалютасының бағалары Францияда Павел Дуров ұсталғаннан кейін 20%-ға құлдырады. Бірақ артынша ішінара болса да жағдайды түзеуге мүмкіндік алды. 

Сондай-ақ оқыңыз