«Костенко» шахтасында қайтыс болған кеншілердің отбасына жалпы көлемі 200 млн теңге өтемақы берілген

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Костенко» шахтасында қайтыс болған кеншілердің отбасына жалпы көлемі 200 млн теңге өтемақы берілген / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қарағанды облысы «Костенко» шахтасында қайтыс болған 46 кеншінің отбасына жалпы көлемі 200 млн теңге өтемақы төленген. Бұл туралы «Курсивке» «Қорғау» көміршілер кәсіподағы хабарлады.

Кәсіподақ ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы 28 қазанда «Демеу Қазақстан қоры» шахтада қайтыс болған және жарақат алған кеншілердің отбасына көмектесу үшін «Қорғауға» 400 млн теңге аударған. 2023 жылдың 8-13 желтоқсаны аралығында кәсіподақ қордан түскен қаржының 200 млн теңгесін қайтыс болған кеншілердің отбасына, 200 млн теңгесін зардап шеккен кеншілерге бөліп берген.

«Түскен қайырымдылық көмек үшін кәсіподақ қор алдында толықтай, банк шоттарының көшірмесімен есеп берді. Қордан кәсіподаққа басқадай қаржы түскен жоқ», – делінген кәсіподақтың ресми жауабында.

Бұдан бөлек, ақпаратқа сүйенсек, кәсіподақ өз тарапынан қайтыс болған кеншілердің отбасының бір мүшесіне және зардап шеккен кеншілерге 27 050 000 теңге қаржылай көмек бөлген. Кәсіподақ әр отбасының нақты қанша қаржы алғаны жайлы ақпаратты жариялай алмайтынын хабарлады.

Тамыздың басында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қарағанды облысы Костенко шахтасында қайтыс болған кеншілердің отбасына көмек көрсету үшін бірқатар компаниялар бөлген 200 млн теңгенің «жоғалып кеткені» туралы жазған.

Қарағандылық msu.city басылымының ақпаратына сүйенсек, президент тапсырмасынан кейін QazTehna, «АгромашХолдингKZ», KamaTyres и «СарыарқаАвтопром» компаниялары «Демеу Қазақстан қорына» әрқайсысы 50 млн теңгеден жинап, 200 млн теңге берген. «Демеу Қазақстан қоры» «Костенко» шахтасында қайтыс болған кеншілердің отбасына жиналған қаржылай көмекті «Қорғау» көміршілер кәсіподағына аударған.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды. 

Сондай-ақ оқыңыз