Қағаздардың құлдырауы Temu-дің иесін Қытайдағы ең бай адам мәртебесінен айырды

Жарияланды
Temu компаниясының акциялары құлдырады / фото: Shutterstock

Temu және Pinduoduo маркетплейстеріне иелік ететін қытайлық PDD Holdings қолхаттары дүйсенбі, 26 тамыздағы сауда-саттықта шамамен 30%-ға құлдырады. Салдарынан компанияның капиталы 55 млрд долларға азайды, ал оның негізін қалаушы Қытайдағы ең бай адам мәртебесінен айырылды. Инвесторлар тоқсандық есептіліктен кейін және компания басшылығының пессимистік болжамдарынан соң PDD акцияларын сата бастады. PDD-нің соңын ала оның басты бәсекелестері – Alibaba мен JD.com акциялары да арзандады.

Толығырақ

Дүйсенбі, 26 тамызда АҚШ-тағы сауда-саттық қорытындысы бойынша PDD Holdings қолхаттарының құны 28,5%-ға – 100 долларға дейін төмендеді. Бұл – 2023 жылдың қараша айынан бергі ең төменгі көрсеткіш. 2024 жылдың басындағы жағдаймен салыстырғанда, компанияның қағаздары қазір 33%-ға арзан.

Дүйсенбіде онлайн-ретейлерлердің иесі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кірістің 86%-ға өскені туралы есеп берді. Бірақ бұл сарапшылардың үмітін ақтау үшін жеткіліксіз болып тұр. Инвесторлардың бойындағы пессимизмге тұтынушылық сұраныстың өзгеруі, бәсекелестіктің күшеюі және басшылықтың жаһандық белгісіздік туралы пікірлері қосылды.

Осылайша, PDD қолхаттары 2018 жылы АҚШ-тағы листингтен кейінгі ең елеулі бір күндік құлдырауды бастан өткерді. Ал холдингтің капиталы 55 млрд доллар жоғалтты, деп жазды Reuters. Сонымен қатар Temu-дің негізін қалаушы Колин Хуан Қытайдың ең бай адамы атағынан айырылды. Хуанның байлығы 14 млрд долларға азайды. Bloomberg-тің миллиардерлер индексіне сәйкес, таза капиталы 35,2 млрд долларды құрап, төртінші орынға сырғыды.

Контекст

PDD Holdings-тің кіріс өсімінің баяулауы туралы ескертуінен кейін қытайлық тұтынушы компаниялардың болашағы бұлыңғырлана түсті, деп жазды Bloomberg. Бұл Қытайдағы электронды коммерция пионері Alibaba Group Holding кірісінің баяу өсуінен кейін туындаған алаңдаушылықты одан әрі күшейтті. 15 тамызда компания есеп беріп, таза кірістің төмендеп, кірістің өскенін хабарлады. Екі көрсеткіш те нарықтық болжамдарды ақтамады. Сонымен қатар Alibaba онлайн-бизнестегі жоғары бәсекелестік пен Қытайдағы экономикалық қиындықтарға шырмала түскендей.

Тұрақсыз экономика, жылжымайтын мүлік секторының ұзаққа созылған әлсіздігі және жұмыссыздықтың жоғары деңгейі ҚХР-да сұраныстың төмендеуіне жол ашты. Бұл елдегі бөлшек сауда мен онлайн-коммерцияға қысым жасап, қатал бәсекелестік тудырады. Дегенмен, Bloomberg-тің жазуынша, PDD мәселелері олардың тек ішкі тұтыну нарығынан асып түсетінін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, егер PDD салалық мәселелерден сақтандырылмаған болса, оның әріптестерінің қысымға төтеп беруі екіталай.

Alibaba акциялары сейсенбі, 27 тамызда Қытайдағы сауда қорытындысы бойынша 4%-ға төмендеді, ал JD.com 3,7%-ға арзандады.

Акциялардың жайы

PDD қолхаттары сейсенбі күні, 27 тамыздағы таңертеңгі сауда-саттықта 1,2%-ға өсті. Сарапшылардың көбі бұл қағаздарды сатып алуға кеңес береді: оларда 36 Buy рейтингі және сегіз Overweight («нарықтан жоғары») бар, дейді MarketWatch. Бір сарапшы қағаздарды (Hold рейтингі) сақтауды, біреуі сатуды (Underweight) ұсынып отыр.

Barclays талдаушысы Цзюн Шао сейсенбіде PDD Holdings үшін Buy рейтингін сақтап, мақсатты бағаны 158 доллар деп көрсетті. DBS сарапшысы Цз Ван Buy рейтингі мен 188 доллар көлеміндегі таргетті растады.

Сондай-ақ оқыңыз