БАӘ банктері Ресейден келетін төлемдерді бұғаттай бастады
Ресей импорттаушылары тағы қиындықтарға тап болды. БАӘ банктері Ресейден келетін төлемдерді бұғаттауға кіріскен. Бұл жайлы Ресей басылымдары хабарлады.
Нарық қатысушылары мұндай шаралардың Қытай тарапының бастамасымен жүргізіліп жатқанын айтады. Ресей кәсіпкерлері Қытай банктері төлем қабылдамай қойған соң, ол елден келетін импорт үшін төлемді БАӘ банктері арқылы жүргізіп отырған. Тауар БАӘ-ге іс жүзінде кіргізілмей, бірден Ресейге жетізілген.
Алайда қайталама санкциялардан сақтану мақсатында Қытай бұл бағыттағы төлемдерді де тексере бастаған. Нәтижесінде Біріккен Араб Әмірліктеріне кіргізілмеген тауар үшін төлемдерді қабылдаудан бас тартқан.
Көбінде ресейлік импорттаушылар бұл схема арқылы Қытайдан техника түрлерін кіргізеді. Мәселен, Ресей нарығына жеткізілетін ноутбуктердің 10-20%-ы БАӘ арқылы кіреді екен. Басқа санаттағы тауарлардың 30%-ы да осы схемамен жеткізіледі.
«Бештау» электроника компанияның бас директоры Олег Осиповтың айтуынша, Дубайдағы банктерден Қытай тарапы қаражаттың қандай бағыттардан келгенін сұрата бастаған. Солайша Қытай банктері БАӘ-де кедендік декларациядан өткен тауарлардың төлемін ғана қабылдайды.
Еске сала кетсек, Қытай банктері мен Ресей кәсіпкерлері арасында төлем жүргізуге қатысты кедергілер жарты жыл бұрын басталған. Оған Батыс шектеулерінің күшеюі әсер еткен. Мәселен, Қытай банктерінің 98%-ы Ресейден төлем қабылдаудан бас тартқаны хабарланды. Ресей кәсіпкерлері қытайлық банктер шектеулерге қарамастан, мамыр-маусым айларына дейін төлем қабылдап келгенін айтады. Ал 20 шілдеден бастап қаржылай транзакция жүргізу қиындаған.
12 тамыз күні Ресейдің Орталық банкі жаңартылған орта мерзімді болжамын жариялады. Онда шетелдік банктердің төлем қабылдаудан бас тартуына байланысты импорт үлесі төмендейтіні айтылған. Шамамен импорт үлесі 1-3%-ға азаяды деп күтіледі.
Ал 20 тамызда Қытай банктері ресейлік кәсіпкерлерге бірнеше ай бұрын төленіп қойған тауар ақшасын қайтара бастағаны хабарланды.