Қарағанды облысында алғаш рет халықаралық шахмат турнирі өтеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қарағанды облысында алғаш рет халықаралық шахмат турнирі өтеді / фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Қарағандыда 27 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында Қарағанды облысының әкім кубогы аясында «Masters» және «Masters Women» атты екі халықаралық шахмат турнирі өтеді. Бұл турнирде Қазақстан, Армения, Ресей, Үндістан, Швеция, Украина, Польша, Моңғолия және Испаниядан келген шахмат шеберлері бір-бірімен бақ сынасады. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.

Федерацияның мәліметінше, халықаралық жарыстың бағдарламасында тағы үш ашық турнир өткізіледі, онда әртүрлі жастағы әуесқойлар үздік гроссмейстерлермен бір залда ойнайды. Мұндай жоғары деңгейдегі халықаралық жарыс Қарағанды облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Аталмыш шахмат турнирі Қазақстан шахмат федерациясы, Қарағанды облысының әкімдігі және Freedom Broker компаниясының қолдауымен өткізіліп отыр. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жалпы жүлде қоры 6 миллион теңгені құрайды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, шахмат ойыны өңірдегі мектеп бағдарламасына енгізіліп отыр.

«Біз елімізді лайықты танытып жүрген спортшыларымызбен мақтанамыз. Олардың қатарында біздің жерлестеріміз Виктор Максименко, Алимжан Аяпов және басқа да талантты шахматшылар бар. Бүгінгі таңда бұл интеллектуалдық ойын көптеген мектептерде факультативті сабақтар қатарына кіріп отыр».

Masters турнирінде 10 шахматшы бақ сынайды. Шетелдік төрт гроссмейстер – Самвел Тер-Саакян (Армения), Александр Рахманов (FIDE), Адитья Миттал (Үндістан) және Виталий Сивук (Швеция) – Қазақстан құрамасының мүшелері Денис Махнев, Рамазан Жалмаханов, Арыстанбек Уразаев, Әлішер Сүлейменов, Алдияр Ансат және Меруерт Камалиденоваға қарсылас болады.

Masters Women турнирінде бес тәжірибелі шетелдік шахматшы – Юлия Осьмак (Украина), Кляудия Кулен (Польша), Элина Даниелян (Армения), Батхуягийн Монгонтуул (Моңғолия) және Ана Матнадзе Буджиашвили (Испания) бақ сынайды. Сонымен қатар, турнирге рейтингтері қазіргі жағдайды толық көрсетпейтін қазақстандық шахматшылар да қатысады – Ксения Балабаева, Амина Қайырбекова, Аяулым Қалдарова, Лия Құрманғалиева және Зейнеп Сұлтанбек. Мысалы, Ксения Балабаева әйелдер гроссмейстері атағын алуды жоспарлап отыр.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов аймақтардағы шахмат ойындары дамып келе жатқанын айтады:

«Федерация бұл жылды аймақтардағы шахматты дамытуға арнады. KazChess филиалдарының ашылуынан кейін біз ірі турнирлерді ұйымдастыруды жандандыра түстік, олардың деңгейі мен ауқымы жағынан Астана мен Алматыда өткізілетін чемпионаттардан кем түспейді. Біз Қарағанды облысының әкімінің кубогы өңірде шахматтың дамуына жақсы үлес қосады деп ойлаймыз», – деді Турлов.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Тбилисидегі шахматтан гран-при кезеңінде күміс медаль жеңіп алғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз