Қор нарығына шолу: Қытайдағы өндірістік сектордың кірісі, ГФР экономикасының құлдырауы, АҚШ-та тұтынушылар жандана бастады
Германия экономикасы қайтадан қысқара бастады. Ал Қытайдың өнеркәсіп секторы жоғары технологиялық салалар есебінен пайданың өскені туралы есеп берді. АҚШ-та инфляциялық күтулер төмендейді. Бұл ФРЖ-ның ақша-несие саясатын жеңілдетуге деген шешімін күшейтуі мүмкін. Осы және өзге де тақырыптар туралы 27 тамыздағы шолуымыздан оқыңыз.
АҚШ-та тұтынушылардың сенімі артып келеді
АҚШ тұтынушыларының The Conference Board сенім индексі тамыз айының қорытындысы бойынша алты айлық максимумға дейін шілдедегі 101,9-дан 103,3-ке дейін өсті деп хабарлады Reuters. Бұрын агенттік сауалнамасына қатысқан экономистер индекс іс жүзінде өзгермейді деп болжам жасаған еді.
Индекс келесі алты ай ішінде бизнесті жүргізу шарттарын қабылдаудың жақсарғанын көрсетеді. Сонымен қатар сауалнама келесі 12 айдағы инфляциялық күтулердің 4,9%-ға дейін төмендегенін аңғартты, бұл 2020 жылдың наурызынан бергі ең төменгі деңгей (шілдеде 5,3% болды). АҚШ экономикасының құлдырауына қатысты алаңдаушылық та сейіліп келеді.
«Бұл ставканы төмендетуді көздеп отырған ФРЖ үшін жақсы белгі», – дейді Brean Capital компаниясының аға экономикалық кеңесшісі Конрад ДеКвадрос. Оның айтуынша, еңбек нарығы рецессияны тудыратындай әлсіз де емес.
Өткен айда жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ға дейін өсті. Жұмыс орындары «көп» деп санайтын тұтынушылардың үлесі шілдедегі 33,4%-дан 32,8%-ға дейін төмендеді. Тұтынушылардың шамамен 16,4%-ы өткен айдағы 16,3%-бен салыстырғанда жұмыс «табу қиын» деп мәлімдеді. Бұл көрсеткіш АҚШ-тың Жұмыспен қамту министрлігінің ай сайынғы есебіндегі жұмыссыздық деңгейімен байланысты. Елдегі жұмыссыздық деңгейі қатарынан төрт ай бойы өсіп келеді.
Германия экономикасы қайтадан қысқара бастады
Германияның Федералды статистика агенттігі Еуропалық Одақтағы ең ірі экономика – Германия экономикасы алдыңғы үш айлық кезеңмен салыстырғанда 2024 жылдың екінші тоқсанында 0,1%-ға қысқарды деп хабарлады. 2024 жылдың бірінші тоқсанында ЖІӨ бұған дейінгі тоқсанға қарағанда 0,2%-ға өсті, деп жазды Reuters.
«Алдыңғы тоқсандағы аз ғана өсімнен кейін Германия экономикасы көктемде қайтадан салқындады», – делінген статистика басқармасының президенті Рут Брандтың мәлімдемесінде. Есепті кезеңдегі едәуір құлдырауды құрылыс секторы көрсетті, ол 3,2%-ға қысқарды. Қызмет көрсету саласында 0,2%-дық төмендеу тіркелді. Сауда, көлік және қонақ үй бизнесі саласындағы көрсеткіш 0,6%-ға қысқарды.
ЖІӨ-нің төмендеуі Германия экономикасындағы негізгі салалардың бірі болып саналатын өнеркәсіп секторына бағытталған инвестициялардың азаюынан туындады. Сәуір-маусым айларында бұл көрсеткіш алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 4,1%-ға азайған.
Жоғары технологиялық өндіріс Қытайдың өнеркәсіптік секторындағы кірісті ынталандырып отыр
Reuters шілдеде ішкі сұраныс аз болса да Қытайда өнеркәсіптік кіріс жоғары технологиялық өндірістің нәтижесінде күшейе түсті деп жазды.
Жалпы шілде айында Қытай өнеркәсібінің кірісі маусым айындағы 3,6%-дан кейін жылдық мәнде 4,1%-ға өсті. Ұлттық статистика бюросының (NBS) мәліметтерінде осылай деп жазылған. Литий-ионды аккумуляторлар, жартылай өткізгіштер және онымен байланысты жабдықтар өндірісін қоса алғанда, жоғары технологиялық өндіріс секторы табыстың өсуіне жетекшілік етіп, қаңтар мен шілде аралығында 12,8%-ға артты.
Бұл ретте мемлекеттік компаниялар алғашқы жеті айда небәрі 1%-ға өскен. Шетелдік фирмалар 9,9%-ға, ал жеке сектордағы компаниялар 7,3%-ға өсті деп хабарлады NBS. Деректер негізгі қызметтен жылдық кірісі кемінде 20 млн юань (2,80 млн доллар) болатын фирмаларды қамтиды.
China Everbright Bank-тің макроэкономикалық сарапшысы Чжоу Маохуа өндірістік секторды мемлекеттік қолдау шаралары ынталандырды деп санайды. Дегенмен Қытайдағы ішкі сұраныс әлсіз болып қала береді, ал сыртқы жағдайлар күрделі әрі құбылмалы.
Бірінші жартыжылдықта Gunvor-дың пайдасы екі есе азайды
Ірі шикізат трейдерлерінің бірі Gunvor Group бірінші жартыжылдықты түйіндеп, есеп берді. Компанияның кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есе азайып, 417 млн долларға тең болды деп жазды Bloomberg.
Gunvor-ге газ, энергетика және кеме қатынасы бизнесі ең көп пайда әкелді, делінген компанияның есебінде. Мұнай «әлдеқайда қатаң сауда жағдайларына қарамастан, топтың пайдасына айтарлықтай үлес қосты». Мұнай өңдеу маржасы төмендеді, бұл компанияның Ингольштадт пен Роттердамдағы алаңдарының кірістілігіне әсер етті. Алайда мұнай және мұнай өнімдерін өндіру көлемі жылдық есепте 42%-ға өсіп, рекордтық 79 млн тоннаға жетті.
Мұнай және энергетикалық алыптардың кірістері кейінгі жылдардағы жағдайлардан кейін қалыпты мәндерге орала бастады. Сарапшылардың пікірінше, қазір шикізат нарықтарының құбылмалылығы өте төмен. Ал санкциялар мен соғыстарға байланысты логистика қымбаттайды. Бұл шикізат компанияларын табыстан қағады.
Бұл шикізат алпауыттарын бизнесті әртараптандыруға мәжбүр етеді. Gunvor артық қаражатты қосымша активтерді сатып алуға жұмсады. Компания металға да инвестиция салып жатыр.