Қытайдың Шэньчжэнь қаласында алғашқы жүргізушісіз басқарылатын автобустар жолаушы тасымалын бастады

Жарияланды 28 Тамыз 2024 13:11

(жаңартылды 28 Тамыз 2024 13:42)
post.authors.0.name

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Жүргізушісіз автобустар 2021 жылдан бері сынақтан өткізілген / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шэньчжэньде алғашқы жүргізушісіз басқарылатын автобустар жұмыс істей бастады деп хабарлайды қытайлық БАҚ.

Ұзындығы 5,44 шақырым болатын жаңа B998 бағыты бойынша енді мемлекеттік Shenzhen Bus Group компаниясының бес шағын автобусы қатынайды. Олар жәй қоғамдық көлік емес, ерекше көліктер. Себебі автобустардың жүргізушісі жоқ, қашықтан басқарылады.

Олар жергілікті уақыт бойынша 9:30-дан 17:00-ге дейін жолаушы тасымалдайды. Бастапқы сынақ кезеңінде бұл ерекше көліктермен тегін қатынауға болады.

Сапарларды онлайн брондау мүмкіндігі де қарастырылған. Автобусқа кірген кезде WeChat платформасының Ride Code шағын қосымшасы арқылы QR кодын сканерлеу керек.

Қоғамдық көлік қызметін 18 жастан асқан адамдар ғана пайдалана алады. Әр автобуста төтенше жағдайларда оны бақылауға алатын қауіпсіздікке жауапты маман отырады.

Автобустар жол қозғалысына қатысушыларды, бағдаршамдарды және жолдағы жағдайдың өзгеруін анықтау үшін арнайы камералармен және лазерлік локаторлармен (лидарлармен) жабдықталған.

Айта кететіні, бұл қоғамдық көліктер Қытайда 2021 жылдан бері сынақ режимінде қатынай бастады.

Еске сала кетсек, Қытай автокөлік шығару бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылып келеді. Бұл ел автобрендтері бүгінде қазақстандық автонарық көшбасшыларын ығыстыра бастады.

Сондай-ақ оқыңыз