Қазақ этносын әйелдер қалыптастырды. Бұл туралы Qalam Global Семей қаласында ұйымдастырған «Қазақ руларының тарихы» атты дәріс барысында Радик Темірғалиев айтып берді.
Оның айтуынша, қазақ этносы өзге ру өкіліне тұрмысқа шығып, салт-дәстүр мен тілді таратқан әйелдер арқылы қалыптасқан. Осылайша, біртұтас мәдениет пен ортақ тілі бар қоғам пайда болған.
«Қазақтарда жеті атадан аспай туысатын қызға үйленуге болмайды деген пікір бар. Яғни туыстық байланыс бұдан ары, мәселен, сегізінші атада болса, тұрмыс құруға рұқсат дейді. Шын мәнінде, бұл – соңғы кездері пайда болған ең жұмсақ талап. Әуеліде ережелер әлдеқайда қатал болған: генеологиялық тұрғыдан жұбайлардың арасы неғұрлым қашық болса, соғұрлым жақсы деп саналған. Біріншіден, осының арқасында рулар арасында байланыс пайда болады. Екіншіден, генетикалық аурулардың пайда болу қаупі азайды», – дейді Радик Темірғалиев.
Радик Темірғалиев қазақ тілінің мұндай ерекшелігін экзогамиямен, яғни, мысалы, оңтүстік өңірден шыққан әйелдің батыс немесе шығыс руларындағы еркекпен отбасы құруымен байланыстырады.
«Қазақтағы экзогамия халықтың біріге түсуіне, ұлттық сана-сезім мен тілдің дамуына ықпал етті. Ел арасындағы дүниелер қосылып-араласып отырды: әйелдер салт-дәстүр мен тілді таратты, салдарынан ауқымды жерді алып жатқан қазақ халқы өзіне тән ортақ кейіпке ие болды. Сондықтан мен қазақ этносы басқа рулардың ерлеріне тұрмысқа шыққан осы әйелдер арқылы қалыптасты деп әрқашан айтып жүремін», – дейді Qalam Global сарапшысы.
Бұдан бөлек тарихшы XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысына дейін әйелдердің есімі ұран ретінде жиірек қолданылған деп санайды.
«Ұран ретінде, әдетте, белгілі батырлардың есімін немесе қасиетті жерлердің атауын қолданған. Сондай-ақ рудың бастауында тұрған әйелдердің есімін ұран қылған жайттар бар. Мысалы, Сүйіндік руының ұраны – «Жолбике», қаракесектердің ұраны – «Қарқабат». Бұл – рудың желеп-жебеушісі саналатын, ерекше құрмет көрсетілетін әйел есімдері. Мен мұндай ұрандар әлдеқайда көп болған деп ойлаймын. XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы кезінде шайқаста ерекше ерлік қылған батырлардың аты көзге түсіп, жаппай ұран ретінде қолданыла бастады. Бірақ бұған дейін, менің ойымша, ұрандарда әйелдердің есімі көбірек қолданылған», – дейді Темірғалиев.
Ол ұран ретінде әйел есімін қолданудың дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел рөлінің қаншалық маңызды екенін көрсететінін, бірақ, өкінішке қарай, бұл тақырып әлі күнге ашылмағанын және оған назар аударылмай келе жатқанын атап өтті.
Qalam Global – әлем тарихы мен мәдениетіне Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің көзімен қарайтын мультимедиялық жаңа жоба. Жобаға Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Ресейден келген халықаралық зерттеушілер тобы қатысады. Qalam жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.