Биыл өнім мол: Қазақстан автокөлікпен шетелден алма әкелуге тыйым салды
Биыл өнімнің көп болуына орай, елімізде алманы шетелден автокөлікпен әкелуге тыйым салынды. Бұл жайлы 27 тамызда Үкіметте өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты.
Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Қазақстан аумағына алма әкелуге тыйым салу мәселесін қараған.
«Комиссия Қазақстан аумағына алма әкелуге тыйым салу мәселесін қарады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше биылғы жылы 300 мың тонна алма жиналады деп болжанып отыр», –делінген баспасөз хабарламасында.
Өнімнің мол түсуіне өткен жылғы көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары әсер еткен. Осының нәтижесінде биылғы жылы алма бақтарының толық жеміс беруі және өнімділігі 18%-ға арттады деп болжанып отыр. Бұл көлем ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.
Талқылау қорытындысы бойынша жыл соңына дейін Қазақстан аумағына үшінші елдерден автокөлікпен алма әкелуге уақытша тыйым салу туралы шешім қабылданған.
Сондай-ақ комиссия отырысында бірқатар тауарға экспорттық кедендік баж салығын енгізу жөніндегі ұсыныстар қаралған. Шикiзат тауарларын iшкi қайта өңдеудi ұлғайту және отандық кәсiпорындарды бюджеттiң кiрiс бөлiгiн ұлғайтатын шикiзатпен жүктеу мақсатында Қаржы министрлігi белгiлi бiр шикiзат тауарларына электронды сауда алаңында белгiлеу жөнiнде ұсыныс енгiзген.
Министрліктің бұл ұсынысын салалық мемлекеттік органдар «Атамекен» ҰКП және мүдделі қауымдастықтармен бірге жаңа салық кодексінің ережелерін ескере отырып пысықтайды.
Айта кетсек, Қазақстан 2024 жылдың қаңтар-маусымында шетелден 93 936,4 тонна алма импорттаған. Бұл жайлы Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінде жазылған. Ал 2023 жылдың сәйкес кезеңінде Қазақстан екі есе аз көлемде алма импорттаған. Ол кезде шетелден елге 57 466,2 тонна алма жеткізілген.
Ал экспорт көлемі 2024 жылдың алты айында 3 474,8 тоннаны құраған. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіштер жоғарылау болған. 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында шетелге 6 945,1 тонна көлемінде алма сатылған.
Сонымен бірге жиында ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді назарға ала отырып, Қазақстан аумағынан бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданған. Осы орайда айтып өтсек, Қазақстан үкіметі қыркүйектен бастап бензин мен дизель отынын Қазақстаннан әкетуге тыйым мерзімін 6 айға ұзартқан болатын.