Apple басымдықтардың өзгеруіне байланысты Books сервисіндегі қызметкерлерді қысқартты – Bloomberg
Америкалық Apple күтпеген қадамға барып, цифрлық қызметтер тобындағы әзірлеушілерді қысқартты, деп хабарлады Bloomberg шолушысы Марк Гурман. Бұл жағдай негізінен Apple Bookstore онлайн-дүкені мен Apple Books қосымшасына қатысты. Осылайша, Apple енді бұларды экожүйенің маңызды бөлігі ретінде қарастырмайды.
Толығырақ
Apple цифрлық қызметтер тобындағы 100-ге жуық қызметкерді жұмыстан шығарды. Bloomberg дереккөзінің айтуынша, компания басшылығы бұл туралы қызметкерлерге 27 тамызда хабарлаған. Бірнеше инженерлік лауазым қысқартылды. Негізінен Apple Bookstore онлайн-дүкені мен Apple Books қосымшасына жауапты мамандар компанияның «қырына» ілікті. Apple News секілді басқа бөлімшелерде де жұмыстан босату фактілері тіркелді.
Apple енді Books-ты қызмет желісінің маңызды бөлігі ретінде қарастырмайды, дейді Bloomberg сұхбаттасушылары. Сонымен қатар Apple News-тегі қысқартулар бұл қолданбаның маңыздылығы төмендеді дегенді білдірмейді, деп атап өтті дереккөздер.
Apple қызметкерлерін жиі қысқарта ма?
Apple-де жұмыстан босату жағдайлары салыстырмалы түрде алғанда сирек кездеседі. Алайда биыл компания кем дегенде төрт рет қысқарту жүргізді, деп хабарлады ақпарат агенттігі. Мәселен, технологиялық алпауыт Калифорнияда өздігінен басқарылатын электромобиль мен дисплей технологиясын жасау жобаларында жұмыс істейтін 600-ден астам қызметкерді жұмыстан шығарды. Сондай-ақ компания бүкіл әлемдегі Apple бөлшек сауда дүкендерінің жұмысына жауап беретін бөлімдердегі бірнеше лауазымды қысқартты және Сан-Диегодағы жасанды интеллект әзірлеушілер тобын таратып жіберді.
iPhone өндірушісі пандемия кезінде қызметкерлерді жалдауда бәсекелестеріне қарағанда баяу қимылдады. San Francisco Chronicle мәліметтері бойынша, штат санының өсуі шамамен 20%-ды құраған. Сондықтан шығар, Apple барлық технологиялық компанияларға әсер еткен жұмыстан жаппай шығару үрдісі Apple-ні айналып өтті. Компания басшысы Тим Кук өткен жылдың мамырында жұмыстан жаппай босату «ең соңғы амал» болатынын әрі әзірше ондай жоспар жоқтығын айтқан еді.
Контекст
Layoffs.fyi сайтының мәліметінше, жыл басынан бері 400-ден астам технологиялық компаниядағы 134 мың қызметкер жұмысынан айырылған. Биыл ең үлкен қысқартулар Intel және Tesla компанияларында жүргізілді. Серверлер мен компьютерлерге арналған дәстүрлі процессорлар нарығының көшбасшысы тамыз айында қызметкерлердің 15%-ы немесе шамамен 15 мың адам жұмыстан босатылғанын хабарлады. Сәуір айында әлемдегі ең қымбат автомобиль өндірушісі құрамның 10%-ын немесе шамамен 14 мың қызметкерді қысқартуға шешім қабылдады.
Акциялардың жайы
Apple акцияларының консенсус рейтингі әдеттегідей «нарықтан жоғары». Жыл басынан бері компанияның Nasdaq-тағы нарықтық құны 22,8%-ға өсті. Nasdaq Composite индексі осы аралықта 20,2% қосты. FactSet ұсыныстарын бақылайтын сарапшылардың көпшілігі Apple акцияларын сатып алуға кеңес береді (46 сарапшының 32-сі). 12 сарапшы қағаздарды инвестициялық портфельде ұстауды және тек екеуі ғана сатуды ұсынып отыр.