Астана әкімдігі қарбалас уақытта жүк көліктерінің жүруіне тыйым салады
Астанада қарбалас уақытта жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынады. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек осындай шешім қабылдағанын жария етті.
Шаһар басшысы ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының жүргізушілері салмақ өлшемдері бойынша талапты сақтай бермейтінін алға тартты. Былтыр қыркүйек айында қаланың бірнеше жағында кіреберіс жолда орнатылған автокөлік өлшейтін автоматтандырылған жүйе мыңдаған деректі анықтаған. Бұл жүйе жүк көліктерінің салмағын өздігінен анықтайды.
«Автоматтандырылған өлшеу жүйесі қалаға негізгі кіреберістерде – Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Қосшы қалалары, сондай-ақ Қараөткел және Малотимофеевка ауылдары тұсынан орнатылған. Соңғы айда 10 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелді», – деп жазды фейсбук желісінде Жеңіс Қасымбек.
Әкім ҚР Көлік министрлігінің, қала полициясының, тасымалдаушы компаниялардың және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездескенін атап өтті.
«Қарбалас уақытта ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының қозғалысына шектеулер енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді ортақ шешімді жариялаған қала мэрі.
Сонымен ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының рұқсат етілген салмағы мына мөлшерден аспауы керек:
- үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
- төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;
- бес осьті – 38 тонна;
- алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.
Осылайша, жалпы салмақ жүктің де, көліктің де салмағын қамтиды.
Артық салмақ болған жағдайда 3 миллион 700 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне және кәсіпкерлік түріне байланысты – шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін өзгеруі мүмкін.
Қазақстандағы жалпыға ортақ автомобиль жолдарының тез бұзылуына ауыр салмақтағы көліктер себепші. Сол үшін де Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мұндай көліктердің жалпыға ортақ жолдармен жүруіне тыйым салуды ұсынды.