Қазақстаннан шетелге есірткі таратқан күдікті Мәскеуде ұсталды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Қазақстаннан шетелге есірткі таратқан күдікті Мәскеуде ұсталды / elemnts.envato.com / Landscape, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан аумағында ірі көлемде есірткі контрабандасымен айналысқан күдікті азамат Ресейде ұсталып, елге экстрадицияланды. Оны елде қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр.

Бас прокуратура ақпаратына сүйенсек, күдікті 2023 жылдың маусым айында бір топпен алдын ала сөз байласып, бірнеше мемлекеттің аумағы арқылы салмағы 60 кг-ға жуық героин мен салмағы 10 кг-нан асатын гашиш контрабандасын ұйымдастырған.

Тергеу кезінде оның елден кеткені белгілі болып, халықаралық дәрежеде іздеу салынған. Күдікті 2023 жылдың тамыз айында Мәскеуде ұсталған. 2024 жылы тамыз айында Қазақстан Бас прокуратурасының өтінішімен елге экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамауда отыр.

Айта кетейік, ірі көлемде есірткі контрабандасы үшін оның мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

23 тамызда Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресейлік серіктестерімен бірігіп Ауғанстаннан келетін есірткі контрабандасына тосқауыл қойған. Құзырлы орган Ресейдің шекаралас аудандарының бірінде есірткі саудасын жүргізіп келген қылмыстық топтың екі адамын ұстады.

2 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті  шекара арқылы есірткінің рекордтық партиясын алып өтпек болған екі шетел азаматын ұстады. Шекарада тәркіленген күдікті заттардың құрамында героин барын көрсеткен. Оның жалпы салмағы 775 келі, «қара» нарықтағы құны 15 млн АҚШ долларынан артық болуы мүмкін. Қылмыс жасады деген күдікпен екі шетел азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. 

Сондай-ақ оқыңыз