Инвесткомпания атынан қазақстандықтардан 100 млн теңге жинап алған өзбекстандыққа іздеу жарияланды
Қаржылық мониторинг агенттігі Thefiniko компаниясының өкілі Батыршина Дана Анварқызына халықаралық іздеу жариялады.
Бұл әйел «2020 жылдан бастап 2021 жылы Thefiniko қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарды» деген күдікке ілініп отыр. Ол 65,9 млн теңге және 206,5 мың доллар көлемінде азаматтардың қаражатын заңсыз жолмен алған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдеуінше, Thefiniko компаниясы сауда және инвестиция платформасы емес. Әлемдік биржалардың ешқайсысында тіркелмеген.
Құзырлы орган сыйақы мен құпиялылыққа кепілдік беріп отыр.
Батыршина Дана Анварқызы Өзбекстанның тумасы. 1976 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген.
Осыған дейін Қаржы мониторинг агенттігі Қазақстан, Ресей және Украина азаматтарына халықаралық іздеу жариялаған. Олар зорлық-зомбылық жасады және Алматы мен Алматы облысында 1 WIN онлайн-казиносын заңсыз ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Іздеу салынған азаматтар қылмыстық әрекеттерінің арқасында 3,8 млрд теңге көлемінде пайдаға кенелген.