«Есімов велосипедке отырды, сіз асық ойнаңыз»: Алматы тұрғыны Досаевқа ұлттық ойынды дәріптеуді ұсынды

Жарияланды
Досаевқа асық
Қала тұрғыны ұлттық ойын түрін дәріптеу мақсатында Досаевқа асық ойнауды ұсынды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы тұрғыны қала әкімі Ерболат Досаевқа асық ойнауды ұсынды. Мұндай ұсыныс қала басшысының Алмалы ауданының тұрғындармен кездесуі кезінде айтылды.

«Мен сізге асық ойнауды ұсынамын, құрметті әкім. Сіз асық ойнауды бастасаңыз, бәрі асық ойнап кетеді. Бұл – ұлттық спорт түрі. Қаражат та көп кетпейді. Қазіргі қиын кезеңде халыққа позитив керек. Тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлайсыз. Бұрынғы әкім Ахметжан Есімов велосипедке отырса, сіз асық ойнаңыз»,– деді қала тұрғыны.

Сөз соңында қала тұрғыны өзінің асық ату ойыны бойынша орталық ашқысы келетінін жеткізді. Ол қалада қазақ үй құрып, көпшілікке осы ойын түрін үйреткісі келетінін жеткізді. Сонымен бірге қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтау үшін қала тұрғындарын мәдениетке баулу үшін «Алматылықтарға арналған кодекс» әзірлеуді де ұсынды.

Қала әкімі қалада ұлттық спорт түрлерін дамытуға ден қойылып жатқанын жеткізді.

«Біз өткен жылдан бері қаламызда ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін жағдай жасап жатырмыз. Мен спорт басқармасына тиісті тапсырмалар берем. Олар сізбен кездеседі. Сол кісілерге ұсынысыңызды айтып бересіз», – деді.

Досаев қала тұрғынының «Алматылықтарға арналған кодекс» туралы ұсынысын да оң қабылдады.

«Бұл мәселеге қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізілді. Содан бері біздің қаламыз таза боп қалды. Иә, әлі де реттеуді қажет ететін тұстар бар. Бірақ ол әр азаматтың ішкі мәдениетіне байланысты. Ортақ мәдениет мәселесі бір күнде шешіле қоймайды. Оны бүкіл халық боп бірлесіп шешуіміз керек. Өкінішке қарай, бізде біреу қоқыс лақтырып, аллеядағы орындықтарды сындырып жатса, көпшілік «менің шаруам емес» деп, бойын аулақ ұстауға тырысады. Біз осындай дүниелерге көз жұмбауымыз керек. Егер әрбір қала тұрғыны «Алматы біздің ортақ үйіміз» деп қарайтын болса, онда қалада тәртіп те тазалық та болады»,– деді әкім.

Еске сала кетсек, 18 шілде күні Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында Алматы халқының мәдениетін сынға алған болатын. Ол жерүсті көпірлерінде орналасқан мүгедектерге арналған лифтілердің жұмысына кедергі келтіретін адамдар бар екенін, олардың нысанды қоқысқа толтырып, пайдалануға мұқтаж адамдардың қозғалысына кедергі келтіретінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз