Импортқа тыйым салынса да, Ресейден Қазақстанға астық тасымалдағандар ұсталды
Сәуір айынан бастап бидайды Қазақстанға әкелуге тыйым салынғаны мәлім. Соған қарамастан, сырттан тауарды тасымалдауға тәуекел еткендер табылды. Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті осыған қатысты фактіні анықтаған.
«2024 жылғы 24 тамызда «Желқуар» автомобиль өткізу пункті арқылы Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өту кезінде Ресей Федерациясынан 110 тоннадан астам бидай әкелу әрекеті тоқтатылды. 4 жүк көлігі ұсталды, олар тауарға ілеспе құжаттарға сәйкес ұсақталған астықты тасымалдады», – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану үшін тәркіленген жүк Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшесіне берілді. Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері Қазақстан аумағы арқылы бір-біріне бидайды тасымалдай алады. Бірақ тасымалдаушылардың ел ішінде астық сатуға құқы жоқ.
Қазақстан 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін бидайды республика аумағына көліктің барлық түрлерімен әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылдады.
АШМ импортқа тыйым салудың бірнеше себебін атады:
- Былтырғы егіннің бидай қоры жеткілікті;
- Биыл да астық өнімділігі жақсы;
- Астық нарығында артық ұсыныстың болмауы маңызды;
- Ішкі нарықты қорғау және кері экспорттау фактілерін болдырмау.
Елде импорттың көлемі жарты жылда 1,3 миллион тоннаға жетті.