ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің үстінен тағы 10 талапкер шағым түсірді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Коллаж: kursiv.media

Білім грантын ала-алмаған тағы 10 талапкер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің үстінен сотқа шағым түсірді. Бұл туралы БАҚ-қа адвокат Халида Әжіғұлова хабарлаған.

«Өкінішке орай, төтенше жағдай квотасына байланысты таңдаған негізгі мамандықтары бойынша лайықты грант ала алмаған талапкерлер бар, сондықтан кеше және бүгін Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне қарсы 10 жаңа талап-арыз сотқа берілді», – дейді адвокат Халида Әжіғұлова.

Заңгердің айтуынша, бұған дейін заң көмегіне жүгінген талапкерлердің барлығы дерлік оқу жылының басталуына бірнеше күн қалғанда министрлік бөлген қосымша білім гранттарын алған.

«Ғылым министрлігі мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде «төтенше жағдайдағы аймақтарға» квотаны қолданудағы қателігін әлі де мойындамайды. Ғылым министрлігінің әрекетін неге қате деп санаймыз? Өйткені білім гранттарын бөлудің кез келген квотасы тек Парламент қабылдап, президент қол қоюы тиіс заңдар негізінде ғана бекітіледі», – деді заңгер.

Оның айтуынша, министрлік мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде су басқан аймақтарға квота қолданған нормативтік құқықтық актіні атамайды.

Естеріңізге сала кетейік, министрлік су тасқыны кезінде зардап шеккендерге төтенше квота бойынша грант бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл ретте жоғары балл жинаған балалар төмен балл жинағандармен салыстырғанда грантқа түсе алмады. Бұған ренжіген талапкерлер сотқа шағымданды.

Айта кетейік, бұған дейін жоғары балл алып, оқуға түсе алмай қалған түлектер үшін қосымша грант бөлініп, Ғылым министрлігі тізімді жария еткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз