Тоқаев заңсыз активтерді қайтарғысы келмейтін және қайырымдылықпен айналысқысы келмейтін кәсіпкерлерге ескерту жасады
Кәсіпкерлер капиталды заңдастыру үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу керек. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады. Осылай деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда заңсыз активтерді заңдастыру қалай жүргізілетінін айтты.
Мемлекет басшысы елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін айтады. Олардың мақсат-міндетін, қызмет аясын, қаржыландыру тәсілдерін және жұмысының басқа да тұстарын тиісті заңдармен реттеу қажеттігін де атап өтті.
«Сонымен бірге холдингтер мен Үкіметтің арасындағы қаржы мәселелеріне қатысты ұстаным тұрақты әрі жүйелі болуға тиіс. Мен 2022 жылғы Жолдауымда бәрін басынан бастап реттеуді тапсырған едім. Реформаның бірінші кезеңінің өзінде орынсыз әрі қажетсіз 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды. Оның бәрі кезінде кәсіпкерлерге кедергі келтірген еді«,- деді Мемлекет басшысы.
Президент мәлімдегендей, Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастаған және инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілген.
Экономикалық қылмыстардың біразы қылмыс деп танылмайтын болды. Алайда кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатқанын ашып айтты. Сондай-ақ Тоқаев каптиалды заңдастыру мәселесінде, ел экономикасының түсетін пайданы да ескеру қажеттігін атап өтті.
«Былтыр бизнес өкілдерімен өткен кездесуде бұл мәселе бойынша мен нақты ұстанымды айттым. Біз кәсіп иелерімен өзара келісімге келдік, яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болады. Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет»,- деді Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында.
Тоқаев тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болатынын айтады.
Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас Прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады»,- деді Президент.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялап жатыр.