Елімізде жол жұмыстары бойынша барлық ақпаратты көрсететін цифрлық платформа іске қосылады
Жол жұмыстары бойынша барлық ақпаратты көрсететін цифрлық платформа іске қосылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтты.
«Біздің автожолдардың жағдайы өзекті мәселе болып отыр. Бұл туралы мен бұрын да айтқанмын. Биыл еліміз бойынша шамамен 12 мың шақырым автожол жөнделіп, салынып жатыр. Бұл Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған көлем. Астана – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен жолдарының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын», – деді президент.
Президенттің айтуынша, 2,5 мың шақырым облысаралық және ауданаралық автожолдарды қамтитын орташа жөндеу бағдарламасы үлкен маңызға ие.
Орташа жөндеу бағдарламасының маңызы зор. Ол қазірдің өзінде 2,5 мың шақырым облысаралық және ауданаралық автожолдарды қамтиды. Дәл осы жолдар азаматтар үшін үлкен сұранысқа ие. Сондықтан осы бағдарламаны ел бойынша кемінде 10 мың шақырым жолды қамту арқылы кеңейтуді тапсырдым. Әрине, сапа ең басты басымдық болып қала береді. Осы мақсатта инновациялық әдістер мен озық шешімдерді кеңінен қолдану қажет. Қоғамдық бақылауды күшейту үшін жолдардың, соның ішінде қалалық жолдардың құрылыс және жөндеу жұмыстары туралы барлық ақпаратты көрсететін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу керек», — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін спорт саласында бөлінге ақша айналымын ашық көрсететін «Е-SPORT» цифрлық платформасы іске қосылатыны туралы жазған едік.