Cұраныс артып, тапсырыс көбейді: Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі кейінгі бес жылда рекордтық өсім көрсеткен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
өңдеу өнеркәсібі
Өңдеу өнеркәсібі саласындағы өндіріс көлемі артты / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің S&P Global агенттігі ұсынған индексі тамыз айында рекордтық 53,3 тармаққа жеткен. Сонымен қатар агенттік сарапшылары Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі кейінгі бес жылда қарқынды өсім көрсетті деп тұжырымдайды.

Өңдеу өнеркәсібі алты ай қатарынан жақсы көрсеткіш байқатқан. Ал тамыздағы өсу қарқыны – кейінгі бес жарым жылдағы ең жылдамы болды. 2019 жылдың наурыз айынан бері салада жұмыспен қамту жоғарылаған. Кәсіпорындар қызметкерлер штатын айтарлықтай кеңейтті: респонденттердің 15%-ы қосымша қызметкер жалдағанын айтқан.

Жұмыспен қамтудың өсуі өндіріс көлеміне сұраныстың артуына ықпал етті. Кейбір кәсіпорындар мұны жоспарланған өндіріс көлемі артуының нәтижесі ретінде көрсеткен.

Өңдеу өнеркәсібіндегі ахуалдың жақсаруына жұмысбастылықтың артуы, сондай-ақ өндіріс өсімін жеделдету және жаңа тапсырыстар ағынының артуы себеп болған. Бұл ретте инфляциялық қысымның күшейгені де байқалады: ресурстар мен дайын өнім бағасының өсу қарқыны шілде айындағы көрсеткішпен салыстырғанда жеделдеген.

Алайда тамызда сұраныстың жалғасуына қатысты күмән қазақстандық тауар өндірушілердің оптимизм деңгейінің одан әрі төмендеуіне ықпал етті. Осылайша бұл көрсеткіш соңғы екі жылдағы ең әлсіз көрсеткіш ретінде тіркелді. Дегенмен кәсіпорындар алдағы жылы жаңа тапсырыстар мен өндіріс көлемінің артатынына әлі де сенімді.

Бұған дейін S&P Global Ratings Қазақстан үкіметінің елдің 2024-2027 жылдарға арналған ЖІӨ болжамын асыра бағалап отыр деп санайтынын мәлімдеген. Агенттік мұнай өндіру көлемінің төмендеуі елдің экономикалық өсу қарқынына теріс әсер ететініне назар аударған.

Сондай-ақ оқыңыз