Қазақстанда 4 ірі газ өңдеу зауыты салынады: Скляр олардың қашан пайдалануға берілетінін айтты

Жарияланды
4 ірі газ өңдеу зауыты 2026-2030 жылдар аралығында іске қосылады /Фото: envato.elements.com; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда 4 ірі газ өңдеу зауыты салынады. Қашағанда екі зауыт, Қарашығанақ пен Жаңаөзенде екі зауыт құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың қашан іске қосылатыны жайлы Үкімет сағатында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр айтты.

Склярдың айтуынша, Қашағандағы бір зауыттың құрылысы 2026 жылы аяқталады. Екіншісін пайдалануға беру 2030 жылға жоспарланған. Олардың бірінің жылдық қуаты 1 млрд текше метрді, екіншісінің қуаты – 2 млрд текше метрді құрайды.

Ал Жаңаөзендегі зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Ол 2027 жылы іске қосылады.

Қарашығанақтағы зауыттың қуаты 4 млрд текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта оның құрылысын жүргізетін мердігер анықталып, дайындық жұмыстары басталып кеткен. Зауыт 4 жылдан кейін, яғни 2028 жылы пайдалануға беріледі.

Вице-премьердің айтуынша, бұл Қазақстан халқын газбен қамту үлесін арттырады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда халықтың 60%-ы газбен қамтылған.

«Осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етіліп, 1700 шақырымнан астам газ желілері жаңғыртылады. Оған 194 млрд теңге бөлінді»,- дейді премьер-министрдің орынбасары

Сонымен бірге Скляр елдің барлық ауыл мен қаланы газдандыруға қатысты іс-шаралар жүргізіліп жатқанын, қазіргі уақытта «Бейнеу – Бозой – Шымкент 2», «Ақтөбе – Қостанай» және «Талдықорған – Үшарал» газ құбырларын салуға дайындық жұмыстары басталып кеткенін жеткізді.

Осы орайда премьер-министр Олжас Бектенов елді газдандыру мәселесі бойынша газ ресурстарын ұтымды бөлуге басты назар аудару қажет екенін айтты.

«Талдау жүргізіп, қандай энергия объектілері газға ауысады, соны анықтап алуымыз керек. Жаңа газ өңдеу қуаттарын салу үшін Энергетика министрлігі инвестициялық шешімдер қабылдауды жеделдетсін», – деді премьер-министр.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 4 ірі газ өңдеу зауыты салынатыны туралы 16 шілде күні Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтқан болатын. Бұл зауыттар іске қосылса, газ өндіру көлемі 2023 жылғы 22,5 млрд текше метрден 2030 жылға қарай 36,6 млрд текше метрге дейін 1,6 есе артады.

Бұл газ өңдеу зауыттарын салу үшін Қатарлық инвестор – UCC Holding тартылған. Соның ішінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу жобасы оператордың қаражаты есебінен жүргізіледі. QazaqGaz және UCC Holding жалпы маңызды төрт жоба бойынша ортақ келісімге келген. Қазіргі таңда осы жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз