«Қазақтелеком» акциялары 37% қымбаттауы мүмкін – Freedom Broker
«Қазақтелеком» АҚ 2024 жылдың екінші тоқсанының қорытынды есебін жариялады. Осыдан кейін Freedom Broker сарапшылары оған қатысты болжамын өзгертті.
Брокердің хабарлауынша, есепке сатылып кеткен «Мобайл Телеком-Сервис» (Altel-Tele2) еншілес компаниясының көрсеткіштері ықпал еткен. Осылайша аталған компаниясыз «Қазақтелеком» АҚ-ның барлық қаржылық көрсеткіштері алдыңғы есептермен салыстырғанда төмендеген.
«Дегенмен егер бизнестің қалған бөлігінің есебін бағалайтын болсақ, оны «орташа теріс» деп атауға болады. Өйткені екінші тоқсанда маржаның төмендеуіне қарамастан, кіріс өскен. Мәміле нәтижесінде бағалау моделі айтарлықтай өзгерді», – деп хабарлады брокерлік компания.
Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ «Мобайл Телеком-Сервисті» сатудан 1,1 млрд доллар қаржы алады. Осылайша бұл ақша компания акцияларына айтарлықтай оң әсер етті. Себебі аталған сома дивиденд төлеуге немесе қарыздарды өтеуге бағытталуы мүмкін.
«Нәтижесінде біз «Қазақтелекомның» бір акциясының мақсатты бағасын қазіргі бағадан 37% өсу әлеуетімен 53 200 теңгеге дейін көтердік. Ұсыныс – «Сатып алу», – деп ұсынды Freedom Broker.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы мамырда «Қазақтелеком» акционерлері «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын сату туралы шешім қабылдады. МТС (Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейді) Катар холдингі Power International Holding (PIH) компаниясына сатылатыны белгілі болды.
2024 жылғы 10 маусымда Бағдат Мусин «Қазақтелеком» басшысы болып тағайындалды.