Шілде айында Қазақстанның Ұлттық банкі 4 тонна алтын сатқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қытай инветорлары алтын
Фото: kursiv.media архиві

Шілде айында тек Қазақстанның Ұлттық банкі алтын қорын азайтқан. Дүниежүзілік алтын кеңесінің есебі бойынша, Ұлттық банк бұл айда 4 тонна алтын сатқан.

Осының нәтижесінде елдің алтын қоры 295 тоннаға дейін қысқарып, алтын-валюта резервінің 55%-ын құрады.

Басқа мемлекеттердің бас банктері алтын қорын арттыра түскен. Жалпы, алдын ала мәлімет бойынша, әлемдік орталық банктер шілдеде алтын-валюта резервіндегі алтын көлемін 37,1 тоннаға дейін аттырған. Бұл алдыңғы айдағы көрсеткіштен екі есе көп.

Алтынды негізінен Польшаның Ұлттық банкі (+14 тонна), Өзбекстанның Орталық банкі (+10 тонна) және Үндістанның резервтік банкі (+5 тонна) сатып алған.

Маусым айында да Қазақстан 6 тонна алтын сатқан. 2024 жылдың І тоқсанындағы Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметі бойынша Қазақстан 310,6 тонна алтынмен әлемде алтын қоры бойынша  17-орында тұр. Қазақстан алтын қоры 2011-2021 жылдар аралығында тоқтаусыз өсіп, 2021 жылы өзінің шыңына жетті. Алайда ҰБ алтын қордағы саясатына өзгеріс енгізіп, оның үлесін жалпы қордан төмендету үшін алтын қорын біртіндеп сата бастады.  

Алтын бағасы биыл 20%-ға қымбаттап, унциясына 2500 доллардан асты. TD Securities сарапшысы Барк Мелек алтын бағасы алдағы тоқсандарда бір унция үшін 2700 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтады, өйткені макроэкономикалық факторлар мен орталық банктің саясаты қажетті жағдайларды жасайды деп санайды.

Сондай-ақ оқыңыз