Миллиардерлер Александр Клебанов пен Сергей Кан «Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорациясынан» дивиденд алмайды
Forbes тізіміне кіретін олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Кан «Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорациясынан» дивиденд алмайды. Бұл шешім компания акционерлерінің 28 тамыздағы жалпы жиналысында шығарылған. Компания 2022 жылы да өз акционерлеріне дивиденд төлемеген.
Жиналыста акционерлер 2023 жылғы қоғамның қаржы есебін бекіткен.
«Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының»(ОАЭК) 47% акциясы Александр Клебановка тиесілі болса, 47%-ы Сергей Канның иелігінде. Сонымен қатар KIF ENERGY S.À R. L. компаниясы – 4%, ЦАТЭК компаниясы 1,78% үлесті меншіктеген.
Қос олигарх ОАЭК арқылы «Павлодарэнерго» АҚ, «Павлодар Солтүстік су каналы» ЖШС, «СевКазЭнерго» және «Ақмола РЭК» компанияларына да иелік етеді. Олар Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар тізіміне енген.
Александр Клебанов – ең бай 75 бизнесмен рейтингінде 12-ші орында (2024 ж.) және Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені рейтингінде 21-орында тұр. Оның байлығы 815 миллион долларға бағаланады. Ал Сергей Кан 292 миллион долларға тең байлығымен ең бай 75 бизнесменнің (2024) арасында 31-орынға жайғасқан.
2023 жылғы аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, ОАЭК еншілес компанияларымен бірге 4,7 млрд теңге пайда тапқан. Ал шоғырландырылған есебінде компанияның жиынтық пайдасы 1,46 млрд теңге деп көрсетілген. Бір жыл бұрын корпорацияның шығыны 29,7 млрд теңгені құраған. Былтыр жыл соңында компанияның меншікті капиталы 46 млрд теңгеге жеткен. Негізгі қаржының баластық құны 352 млрд теңгеге тең.
ОАЭК 2023 жылға арналған Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы 50 ірі жеке компанияның рейтингінде 18-ші орынды иеленді. Компаниялар тобы Павлодар, Петропавловск қаласы мен Ақмола облысын электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.
Биыл ОАЭК-тың еншілес компаниясы – «Павлодарэнерго» Екібастұз әкімдігіне құны 3,7 млрд теңге болатын ЖЭО инфрақұрылымын беруді аяқтап жатыр. Бұл мәселе 2022 жылғы апаттан кейін Екібастұз қаласы жылусыз қалған соң көтерілген.