Әуе компаниялары мен оның басшыларына мемлекеттің «тісі батпай» отыр – Бақытжан Базарбек
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек авиация саласындағы кемшіліктерді реттеу үшін әуе компаниялар мен оның басшыларын мүліктік жауапкершілікке тартуды ұсынды. Депутат әуе компанияларына мемлекеттің тісі батпай отырғанын айтты.
Базарбек бұл мәселені «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе заң жобасын талқылау кезінде көтерді.
«Тұтынушылардың құқығы қорғалмай, тапталып жатқан саланың бірі – азаматтық авиация. Air Astana, Fly Arystan cияқты компаниялардың бассыздығы мен заңсыздығынан, былықтарынан халық шаршады. Оларға мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке қарай, компаниялар билет ақшасын қайтармайды, рейстерді кешіктіріп, кейінге қалдырады. Ең сорақысы, мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырады. Лоббистер кезінде тұтынушылардың құқын қорғауды көздейтін тексерістің бәрін алып тастатқан. Олар соның нәтижесінде күшейіп алды. Қазір бағасы онсыз да қымбат билеттердің құнын әлі де көтергісі кеп тұрады», – деді депутат.
Осы орайда депутат авиация саласындағы олқылықтарды реттеу үшін Қазақстан 1929 жылы қосылған Варшава конвенциясынан шығуы керек деп санайды. Айтуынша, бұл конвенцияда авиация саласын реттейтін тетіктер жоқ. Базарбек Варшава конвенциясынан шыққан соң, Монреал конвенциясына кіруді ұсынып отыр.
«Рейстерді кейінге қалдыруға байланысты мәселені шешу үшін аталған заң жобасы аясында мүліктік компаниялар мен оның басшыларын жауапкершілікке тарту жоспарда бар ма?», – деп сауал тастады депутат.
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, Қазақстан Монреал конвециясын 2015 жылы ратификациялаған. Бұл конвеция авиа жүктерін және жолаушыларды тасымалдау тетіктерін қарастырады.
«Бүгін біз сол конвенцияның аясында жұмыс істеп жатырмыз. Енді сіз қойған сұрақтарға тоқталайын. Рейстерді кешіктіргенде және олар болмай қалған жағдайда тұтынушылар құқын қорғау мәселесіне қатысты жаңадан өзгерістер енгізіледі. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз рейстердің кешікпеуі үшін тек әуе компанияға емес, сонымен бірге әуежайларға да жауапкершілік жүктеуді көздеп отырмыз. Өйткені кей кездерде рейстердің кешігуіне әуежайдың дайын болмауы себеп болады. Сондай-ақ мүгедек адамдар мен балаларға, жүкті әйелдерге дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда компанияларға айыппұл салу тетіктері әзірленді», –дейді министрлік өкілі.
Сонымен бірге вице-министр әуе компаниялар мен әуежай басшыларына айыппұл салуға қатысты түзетулер де қарастырылатынын, депутаттың мүліктік жауапкершілікке тарту жөніндегі ұсынысын қолдайтынын, заңда ескерілетінін жеткізді.
Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев авиация саласында тұтынушылар құқын қорғауда кемшілік бар екенін мойындайды. Сол үшін заңның жаңа редакциясынан билетке кеткен қаражаттың 100%-ын қайтармау жөніндегі нормалардың алынып тасталғанын атап өтті.
«Бұл – өте өзекті мәселе. Жолаушыларға ақшаны қайтармауға қатысты қолданыстағы заңның сондай кемшін тұстары бар. Жаңа заң жобасынан бұл кемшіліктерді алып тастадық. Заң қабылданса, біздің құзыретіміз кеңейіп, өзіңіз айтпақшы, тісімізді батыра алатын жағдайға жетеміз. Заңды негізде бұл мәселе біздің қадағалауымызға өтеді. Компанияларда билет құнына төленген қаражаттың 100 пайызын қайтармау жөніндегі құқы сақталмайды. Оны алып тастадық», – деді министр.
Депутат әуе компанияларының жұмысынан көптеген адамның зардап шеккенін, сондықтан жауапкершілікті қатайту мәселесінде қажет болса, аэродромның сертификатын уақытша тоқтату сынды қатал шаралар қолдануды ұсынды.
«Тек осындай шаралар қолдана отырып, біз әуе компанияларына заңды орындатқыза аламыз. Басқа амал жоқ», – дейді Базарбек.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов министрліктерге бұл мәселені ескеруді ұсынды.
«Бізде авиациядан көп зардап шеккен депутат – Базарбек. Сондықтан онымен бірге осы мәселені қараңыздар. Ол бұл мәселені жақсы біледі», – деді ол.
Мәжіліс кулуарында Бақытжан Базарбек министрліктер берген жауапқа көңілі толмағанын айтты.
«Министрдің жауабына көңілім толмады. Авиакомпаниялардың артында лоббистер тұр. Сонымен бірге шетелдік менеджерлер мен олигархтар тұр. Шетел менеджерлері Қазақстан заңына мойынсұнбайды. Министрлік оларды тісін батырып отырып тексеруі керек қой. Олай жасай алмай отыр. Бірақ заңға өзгеріс енгізіп, айыппұлдарды күшейте отырып, ондай компаниялармен күресеміз», – дейді депутат.
Айтуынша, жаңа заң аясында әуе компанияларға рейстерді кешіктірсе, билет құнының 50% қайтарып беруін міндеттейтін нормалар қарастырылып жатыр. Сонымен бірге ол әр билеттің құнының 50% деңгейінде компания басшыларына айыппұл салу мәселесі де талқыланып жатқанын айтты.