«Лас ойынға араластырмаңыз»: мандатынан айырылған экс-депутат Асқар Садықов Азат Перуашевтың айыптауларын жоққа шығарды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Депутаттық мандатынан айырылған Асқар Садықов мәлімдеме жасады / Коллаж kursiv.media (parlam.kz), бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Депутаттық мандатынан айырылған экс-мәжілісмен Асқар Садықов жұмыс орнында қызметкерге қырындағанын жоққа шығарды. Экс-депутат «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевты жалған айтып, манипуляция жасап отыр деп айыптайды.

Садықов партия жетекшілері депутаттан түсініктеме де алмағанын, болған жағдай туралы ешкім ескертпегенін айтады. Ал Парламент Мәжілісінің тәртіптік кеңесі бұл мәселені талқыламаған.

Экс-мәжілісмен өзінің депутаттық мандатынан айырылып, партиядан шығарылуын «лас ойын» деп бағалайды.

«Мені лас ойындарыңыз бен манипуляцияларыңызға араластырмаңыз. Күш-қуатыңызды бекер жұмсамаңыз. Мен үндемей қалмаймын. Мұндай мәлімдемелер партия жетекшісінің деңгейіне сай келмейді. Бүкіл айыптау – лас тұспал мен болжам ғана», – деді Садықов.

Оның айтуынша, партия жетекшісі Азат Перуашев өз орынбасарының Ұлттық Гвардия генералына пара бергені жайлы жаңалықтан қоғам назарын басқаға аударуға тырысып жатыр.

«Бұл мәлімдемесінде Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының төрағасы өз орынбасарының Ұлттық Гвардия генералына пара бергені жайлы ақпарат ағынын басқа жаққа бұрғысы келген болар», – деді экс-депутат.

Бұған дейін «Ақ жол»партиясының төрағасы Перуашев экс-депутаттың мандатынан айырылуына қатысты пікір білдіріп, мәселенің мән-жайын түсіндіріп берген. Азат Перуашевтың айтуынша, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып шағымданған. Оған дәлел ретінде партия төрағасы Садықовтың WhatsApp желісінде әйелге жазған жазбаларының скринін көрсетті.

Азат Перуашев экс-депутаттың лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері барын айтады. Партия пленумы нақты фактілерге сүйене отырып, А.Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдаған.

Асқар Садықовтың осы мәлімдемесіне қатысты «Ақ жол» партиясы төрағасының пікірін сұрағанымызда, Азат Перуашев одан әрі сөз таластыруға ниеті жоқ екенін жеткізді.

Партия төрағасы баспасөз қызметі арқылы берген жауабында:

«Өз пікірімді кеше айттым. Егер оқыған болсаңыз, сол жерде бәрі анық айтылған. Әрі қарай мұндай адаммен сөз таластыру мен үшін жиіркенішті», – деп түйіндеді.

Сондай-ақ оқыңыз