Қор нарығына шолу: АҚШ-тың еңбек нарығындағы проблемалар, ЖИ мұнайға қалай әсер етеді, Mercedes-Benz Қытайды бетке алды
АҚШ-тың еңбек нарығындағы жағдайдың нашарлауы қыркүйек айында ФРЖ пайыздық мөлшерлемесінің бірден 50 базистік тармаққа төмендеу ықтималдығын арттырады. ОПЕК+ бағаның құлдырауына байланысты мұнай өндіру көлемін арттыруды кейінге қалдыруы мүмкін. Ал Goldman Sachs-тың ұзақмерзімді болжамдарына сүйенсек, өндіру технологиясына ЖИ-дің енгізілуімен өндіру көлемі одан әрі төмендемек. Осы және өзге де тақырыптар туралы 4 қыркүйектегі шолудан оқыңыз.
Макродеректер АҚШ-тың еңбек нарығында проблемалар барын көрсетіп отыр
Шілде айында АҚШ-тағы ашық жұмыс орындарының саны күтілгеннен де көп қысқарды деп жазды Yahoo Finance. Статистика бюросының жаңа деректері шілде айының соңында 7,67 млн жұмыс орны ашылғанын көрсетті. Бұл маусымдағы көрсеткіштен аз – 7,91 млн (қайта қаралғаннан кейінгі мән, Бюро 8,18 млн деп көрсеткен). Егер 2021 жылдың қаңтарынан бергі статистиканы алсақ, бұл – ең төменгі айлық көрсеткіш.
Сонымен қатар бос жұмыс орындары мен кадрлардың тұрақтамауын зерттеу бір айда 5,5 млн адам жұмысқа қабылданғанын көрсетті. Көрсеткіш маусымға қарағанда біршама көп. Жұмысшы жалдау деңгейі маусымдағы 3,3%-дан шілдеде 3,5%-ға дейін өсті.
АҚШ-тағы Oxford Economics-тің аға экономисі Нэнси Ванден Хаутен тұтынушыларға арналған жазбасында соңғы деректер «жұмыс күшіне сұраныстың төмендеуі жалғасып жатқанының» белгісі екенін айтты. Renaissance Macro экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Нил Датта Х желісіне жаңа деректер «жұмыс күшіне деген сұраныстың салқындағанының тағы бір белгісі» екенін, көрсеткіш «пандемияға дейінгі деңгейден сәл ғана асып түскенін» жазды.
Жаңа деректер қыркүйек айында ФРЖ пайыздық мөлшерлемесінің бірден 50 базистік тармаққа төмендеу ықтималдығын арттырады.
Goldman Sachs: ЖИ алдағы онжылдықта мұнай бағасына әсер етеді
Goldman Sachs сарапшыларының пікірінше, жасанды интеллектінің қарқын алуы мұнай ұсынысының өсуіне және оның бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Олар логистика мен өнімділікті жақсарту арқылы ЖИ мұнай жеткізілімін арттыра алады (қабаттардың мұнай беруі).
«Жасанды интеллектінің энергетика мен металдарға әсері туралы пікірталас негізінен сұранысқа бағытталған. Дегенмен ЖИ жеткізілімдерді арттыру арқылы алдағы онжылдықта мұнай бағасына әсер етуі мүмкін екенін ескерткіміз келеді», – делінген Goldman Sachs-тың аналитикалық жазбасында.
Бұл болжам «мұнайға деген сұраныс әрдайым өседі» деген басқа түбегейлі қарсы пікірлерге қайшы келеді. Өйткені ЖИ жұмысының өзі энергияны көбірек қажет етеді деп жазды Business Insider. Алайда The Goldman Sachs Солтүстік Дакотадағы мұнай қондырғыларын мысалға келтірді. Онда ЖИ мұнай компаниясының пайдалану және бұрғылау уақытын 30%-ға қысқартты.
«Жалпы ЖИ өнімділіктің 25%-дық өсімін қамтамасыз ете алады және барреліне 5 доллар үнемдей алады», – дейді сарапшылар. Бұл АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіруді 10-20%-ға өсіріп, мұнай қорын 8-20%-ға арттыруы мүмкін.
«Ұсыныстың мұндай өсімі сұраныстың кез келген ықтимал өсімінен айтарлықтай асып түседі», – дейді сарапшылар. ЖИ шынымен де энергияны көбірек қажет етеді, бірақ бұл мұнайға деген сұраныстың артуына әкелмейді. Өйткені оны «бүгінде электр энергиясын өндіру үшін пайдаланбайды десе де болады».
ОПЕК+ өндіріс көлемін арттыруды кейінге қалдыруы мүмкін
ОПЕК+ мұнай өндірушілер картелі қазан айына жоспарланған тау-кен өндірісін ұлғайтуды кейінге қалдыру ықтималдығын талқылайды, деп жазды Bloomberg. Бір күн бұрын «қара алтынның» бағасы Brent бренді үшін барреліне 74 доллардан төмендеді.
Сауд Арабиясы мен Ресей басқаратын топ күнделікті өндіріс көлеміне тағы 180 мың баррель қосуға дайын болды. Картельдің күмәні туралы жаңалықтардан кейін мұнай бағасы көтеріле бастады. Еуропада Brent фьючерстерінің құны 0,71%-ға – барреліне 74 долларға дейін, WTI 0,78%-ға – барреліне 70,89 долларға дейін өсті.
Mercedes-Benz Қытайға 2 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр
Mercedes-Benz серіктестерімен бірге Қытайға 14 млрд юаньнан (1,97 млрд доллар) астам инвестиция салуды көздеп отыр деп жазды Reuters. Инвестиция жергілікті автомобильдер желісін кеңейтуге бағытталады, деп хабарлады The Paper мемлекеттік цифрлық газеті. ЕО тарапынан қытайлық электрмобильдерге қатысты шектеулердің күшеюіне қарамастан, инвестиция салынбақ.
2025 жылдан бастап Mercedes-Benz Аспан асты елінде бірте-бірте жаңа толық электрлі CLA моделін шығарады. Бұлар – жол талғамайтын спорттық көлік және фургонға негізделген жаңа толық электрлі MPV (көп мақсатты көлік) Қытай нарығы үшін эксклюзивті дүние саналады.
Жаңа көліктермен бірге Mercedes-Benz компаниясы жасаған жаңа MB.OS архитектурасы енгізіледі. Ол 2025 жылы MMA платформасының модельдерімен бірге дебютін жасайды әрі бренд үшін бірінші интеллектуалды жүргізу жүйесін ұсынады. Қытай нарығы Mercedes-Benz үшін маңызды және оны электрлендірудің негізгі драйвері саналады.