«ҚазМұнайГаз» еншілес компаниясы Ақтөбе облысындағы Қаражар кенішінен 31,5 млн тонна мұнай табылады деп болжап отыр

Жарияланды
Қаражар ауылынан мұнай табыла ма?
Ақтөбе облысындағы Қаражар ауылының маңынан мұнай табыла ма? / Фото: shutterstock

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қаражар ауылының маңында мұнай барлау жұмысын бастамақ. Қаражарда 31,5 млн тонна мұнай және 3 241 млн шаршы метр газ табылады деп болжанып отыр. Бұл туралы Экопорталда жарияланды.  

Қаражар аумағында көмірсутегін іздеу жөніндегі барлау жұмыстарының жобасы бойынша, бір ұңғыма бұрғылау және сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу қарастырылып отыр. Геологиялық жұмыстардың жалпы көлемі 5 жылға арналып отыр. Оған 13 065 476 552 теңге жұмсалмақ.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның былтырғы қаржы есебінде 3, 669 мың теңге, ал 2022 жылы 7, 929 мың жиынтық табыс тапқаны көрсетілген.

Компанияның жалғыз қатысушысы – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ. Ал «Қазмұнайгаздың» өзі толықтай «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік компаниясына тиесілі. «Самұрық-Қазынаның» соңғы бақылаушы тұлғасы – Қазақстан Республикасының үкіметі.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС тәуелсіз Қазақстанның мұнай бизнесі саласындағы алғашқы бірлескен кәсіпорын болды.

1993 жылдың 9 қаңтарында Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігімен Түрік ұлттық мұнай компаниясы (ТПАО) арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімшартқа қол қойылды.

1993 жылдың 4 ақпанында ресми түрде тіркелді. «Қазақтүрікмұнай» ЖШС Қазақстанның мұнай бизнесі саласында қатысу үлесі 49%-ы – ТПАО-ға және 51%-ы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға тиесілі болды. 1997 жылдан бастап кәсіпорын құрылтайшысы болып «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясы белгіленді.

2014 жылдың 23 қазанынан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы болып белгіленді.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС мұнай кен орындарын барлау, игеру, өндіру және сатумен айналысады. Тек қана геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге құқық алу үшін мемлекетке 3,5 млн доллар көлемінде бонус төлемін төледі.

Қазіргі таңда «Қазақтүрікмұнай» ЖШС лицензиялы 3 блокта өндірістік қызметін жүргізеді. Ақтөбе облысындағы IIA блокта (Лақтыбай кен орыны) және Оңтүстік Қаратөбе кен орнында (МГ-307 лизенциясы) өнеркәсіптік өндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Маңғыстау облысында IV блокта 4 кен орнында (Батыс Елемес, Шығыс Сазтөбе, Оңтүстік-Шығыс Сазтөбе, Солтүстік –Шығыс Сазтөбе) өнеркәсіптік өңдеу жұмыстарын жүргізіп жүр.

Мұның алдында Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, сарапшы Нұрлан Жұмағұлов мұнай қорының азайып келе жатқаны, алайда елімізде геобарлауға баса назар аударылмағаны туралы айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз