Астанада жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматты жүйе іске қосылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйе Астананың негізгі 7 кіре берісіне орнатылды / Фото: kursiv.media 

Ауыр жүк көліктерін тізгіндейтін жүргізушілерге талап тағы да күшейді. Елорданың 7 негізгі кіреберісінде жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйе ресми түрде іске қосылды. Бұл қондырғылар ірі көліктердің салмағын 90% дәлдікпен өлшейді. Ал шамадан тыс ауыр жүкпен жолды бүлдіргендерге автоматты түрде ұялы телефондарына айыппұл көлемі көрсетілген хабарлама келеді.

Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, бұл жүйе жүк көліктерінің салмағын бақылауға, өзге де көліктердің кедергісіз жүруіне қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

«Жүк көліктерінің шамадан тыс салмағын жүйе автоматты түрде анықтайды, содан кейін ақпарат көлік дерекқорының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне беріледі. Бұл Көлік комитетіне салмақ нормаларынан асып кетуге байланысты құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды жедел жіберуге мүмкіндік береді», делінген министрліктің хабарламасында.

Автоматтандырылған өлшеу жүйелері қалаға негізгі кіреберістерде қойылған. Атап айтқанда ,Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Қосшы қалалары, сондай-ақ Қараөткел және Малотимофеевка кенттерінде орнатылған.

Қанша айыппұл салынады?

Айыппұлдардың мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне байланысты болады. Кәсіпкерлік деңгейге байланысты да әртүрлі деңгейде белгіленген. Айыппұл мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне сәйкес 147 мың 680 теңгеден, 3 млн 692 мың теңгеге дейін кете береді. Яғни 40 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін барады.

Айыппұл арқаламас үшін көлік құралдарының рұқсат етілген массасы төменде келтірілген нормадан (тоннамен) аспауға тиіс:

  • үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
  • төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;
  • бес осьті – 38 тонна – алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.

«Сараптамаға сәйкес ауыр жүк көліктері (самосвалдар) тасымалдау барысында қолданыстағы нормадан 1,5-2 есе артық жүк тасымалдайды. Демек нормаға сәйкес 25 тонна жүк тасымалдауға рұқсат болса, 35-40 тонна жүк тиелген фактілер тіркеліп отыр. 2023 жылдын басынан Көлік Министрлігі Астана әкімшілігімен бірлесе арнайы автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнату бойынша жұмыс бастап кетті. Олар қалаға кіреберіс жолдарда 7 жерден орнатылған. Елорда маңындағы 29 карьерден жүк тасымалдайтын 6300 ауыр жүк самосвал көлігі тіркеліп отыр. Бұл реттегі біздің басты мақсатымыз — бар жолдарды мезгілсіз бұзылуына жол бермеу», – дейді Көлік министрлігі автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі.

Министрлік бұл жүйенің арқасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азаятынына сенімді. Адами факторды да болдырмауға мүмкіндік беретінін мәлімдейді. Айта кетейік, бұл шектеу шетелдік көліктерге де қатысты болады.

Жуырда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қарбалас уақытта жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынатынын жариялаған болатын. Шаһар басшысы ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының жүргізушілері салмақ өлшемдері бойынша талапты сақтай бермейтінін алға тартты. Былтыр қыркүйек айында қаланың бірнеше жағында кіреберіс жолда орнатылған автокөлік өлшейтін автоматтандырылған жүйе мыңдаған деректі анықтаған. Бұл жүйе жүк көліктерінің салмағын өздігінен анықтайды.

Бұған дейін ауыр жүк көлігін жүргізушілерге 100 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған еді. Бұл айыппұлдардың басым бөлігі Маңғыстау, Ақтөбе және Жетісу облыстарына тиесілі.

Қазақстандағы жалпыға ортақ автомобиль жолдарының тез бұзылуына ауыр салмақтағы көліктер себепші. Сол үшін де Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мұндай көліктердің жалпыға ортақ жолдармен жүруіне тыйым салуды ұсынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз