Си Цзиньпин Африка елдерін жаңғырту бойынша жобаға 50 млрд доллар бөлмек. Қаржының басым бөлігі несие түрінде беріледі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Африка елдерін жаңғырту: 29,5 млрд доллар несие түрінде берілсе, 11,2 млрд доллар көмек ретінде бөлінбек / Коллаж: Bloomberg және kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қытай Халық Республикасы Африка елдерін жаңғырту жобасына 50 млрд доллар бөледі. Бұл туралы Си Цзиньпин бейсенбі, 5 қыркүйек күні Қытай-Африка ынтымақтастығы форумында мәлімдеді деп хабарлады Bloomberg.

«Алдағы үш жылға Қытай осы 10 тармақтан тұратын іс-қимыл жоспарын әзірледі. Оған ҚХР 50,6 млрд доллар қаржы бөлуге ниетті. Оның ішінде 29,5 млрд доллар несие түрінде беріледі. Ал 11,2 млрд доллар көмек ретінде бөлінбек. Билік сонымен қатар қытайлық компанияларды Африкаға 9,8 млрд доллар инвестициялауға көндіреді», – деп хабарлады агенттік.

Си Цзиньпин өз сөзінде Бейжің Африкамен бірге «Жаһандық оңтүстік» елдерін жаңғыртудың жаңа толқынын бастау үшін жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар тараптар инфрақұрылымдық жобаларды, білім беруді және кедейлікті жою бойынша бірге жұмыс істейді.

Бұл тұста Қытай төрағасы Африкаға 1 млн жұмыс орнын құруға көмектесетінін мәлімдеді. Оның ішінде, ақпараттық технологияларды дамытуға, орта және шағын кәсіпорындарды қолдауға, «жасыл» технологияларды ілгерілетуге көмек көрсететінін мәлімдеді.

ҚХР төрағасы Батыс елдерін әлемнің көптеген мемлекетіне зиян келтірді деп айыптап, Қытай мен Африканың «тарихи әділетсіздіктерді» түзету үшін жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Бұған қоса Қытай экономикасын Африканың 33 дамушы еліне ашуды жоспарлап отыр. Яғни оларға салынатын кедендік баждарды алып тастауды және континенттен ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын кеңейтуді жоспарлап отыр. ҚХР билігі Африка елдеріндегі мемлекеттік қызметкерлерді оқытып, 1 мың саясаткер мен шенеунікті Бейжіңге оқуға шақырды. Оған қоса Африкада 25 зерттеу орталығын құруды көздеп отыр.

Сонымен қатар Бейжің Африкаға 1,4 млрд доллар сомасында әскери көмек аудармақ. Әрі 6 мың әскерилер мен 1 мың тәртіп сақшысын оқытуға көмектесіп, Қытайға 500 жас сарбазды шақырады.

Айта кететіні, «Жаһандық оңтүстік» елдеріне – Үндістан, Қытай, Бразилия, Мексика, Африка елдері бастаған мемлекеттер кіреді.

Еске сала кетсек, Қытайдың ұлттық статистика бюросы шіледеде елдің өндірістік белсенділігі екі ай қатарынан бәсеңдеп жатқанын хабарлады. Қытайдың АҚШ Еуропалық одақпен сауда қатынасы да күрделендіре түсті.

Сондай-ақ оқыңыз