«Майқайыңалтын» компаниясы апат орнында қаза тапқан құтқарушының тума-туысына моральдық зиян келтіргені үшін 120 миллион теңге төлейді

Жарияланды
ҚМА қызметкері
«Майқайыңалтын» АҚ-ға қарасты кешен аумағында мерт болған құтқарушы туыстарының талабы орындалды/ фото kursiv.media

«Майқайыңалтын» АҚ аумағында автобус шахтаға құлап, соның салдарынан құтқарушылардың қаза тапқаны мәлім. Қайтыс болған құтқарушы Т.-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі жұмыс кезінде қайтыс болуына байланысты моральдық зиянды өтеу туралы компанияға талап қойды.

Марқұмның туыстары қазаның өте ауыр болғанын, жерлеу кезінде онымен қоштаса алмағандарын, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпегенін айтып, шағымданған.

Екібастұз қалалық соты құтқарушының туысқандары мен отбасының талабын толық қанағаттандырды. Компанияға әрбір туысына 30 000 000 теңге, жалпы сомасы 120 миллион теңге өтемақы төлеуді міндеттеді.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 2024 жылдың 4 қаңтарында «Майқайыңалтын» АҚ аумағында өрт шыққан жерге технологиялық жолмен бара жатқан автобус  шұңқырға құлап кеткен. Автобуста үш құтқарушы мен жүргізуші болды.  

Қаза тапқандар «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-ның қызметкерлері екені белгілі болды.

Арнайы комиссия жазатайым оқиғаға байланысты тексеру жүргізді. Соның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің толығымен кінәлі екені анықталды.

Ұзақ іздестіруден кейін 19 шілдеде үшінші құтқарушы – Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің орталық штабының қызметкері Айдос Шаймерденнің денесі табылды.

Сондай-ақ оқыңыз