Дуров Франция полициясы қамауға алғаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады

Жарияланды
Дуров мәлімдеме жасап, платформадағы заңсыздықпен күресетінін айтқан / Фото: архив

Telegram иесі Павел Дуров Франция полициясы қамауға алғаннан кейін, алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол Франция билігінің «Telegram платформасы уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тартты» деген уәжімен келіспеген.

«Өткен айда, Парижге келген соң, мені 4 күн бойы тергеді. Маған Telegram-ды заңсыз пайдаланатын басқа адамдар үшін жауапкершілік артып отыр. Өйткені француз билігі Telegram-нан жауап ала алмаған. Бұл жағдай мені таңғалдырды»,- деп мәлімдеген Дуров өзінің Telegram жазбасында.

Ол Франция билігінің Telegram-мен оңай байланысқа шыға алатынын атап өткен. Айтуынша, Еуроодақта платформаның ресми өкілдігі бар. Сонымен бірге өзінің Франция азаматы ретінде Дубайдағы француз консулдығына жиі барып тұрғанын, егер құзырлы органдар шын байланысқысы келсе, консулдыққа шығуына болатынын да айтқан.

«Осыдан біраз уақыт бұрын құзырлы орган Франциядағы терроризм қаупімен күресу үшін Telegram-да сенім телефон тетігін енгізуді сұрады. Мен бас тартпай, көмектестім. Егер ел интернет қызметіне көңілі толмаса, заң бойынша сол қызмет түріне қатысты сотқа шығам түсіре алады. Ал бас директорды өзі басқаратын платформада үшінші тұлғалар жасаған қылмыс үшін айыптауды қате шешім деп түсінем. Жалпы бұл өте күрделі сала. Ешбір инноватор, өзі ойлап тапқан құрылғы қандай да бір теріс мақсаттарда пайдаланатынын білсе, ондай құрылғыны әзірлемейтін еді»,- деп мәлімдеген ол.

Дуров сонымен бірге құпиялылық пен қауіпсіздік арасында тепе-теңдік сақтау қиын екенін айтқан. Ол үшін құпиялылық туралы заңды құзырлы органдарымен және ЕО заңдарымен сәйкестендіру керек. Платформа заңы әлсіз елдерде пайдаланушылар құқының бұзылуына әкелмес үшін құпиялылық туралы ережелердің де сақталуы маңызды екенін атап өткен Telegram иесі бірінші кезекте тұтынушылар құқы қорғалатынын мәлімдеген. Десе де, әр елдің билігімен өзара келісімге келе алатынын, бірақ құпиялылық мәселесінде шектен аспайтынын жеткізген.

Мәселен, Ресей билігі платформадан «шифрлау кілтін» сұратқанда бас тартқан.

«Біз мұндай кезде ол елден кетіп қалуға дайынбыз. Біз мұндай тәжірибені талай рет қолданып көрдік. Біз бас тартқандықтан, Ресейде Telegram-ға тыйым салынды. Иран бейбіт наразылық танытқан пайдаланушылардың каналын бұғаттауды талап етті. Біз келіспеген соң, ол елде де Telegram бұғатталды. Себебі, біз мұны ақша үшін жасамаймыз. Біз адамдардың құқын қорғау мәселесін бірінші орынға қоямыз. Платформа біздің ұстанымымызға қайшы келетін нарықтан оңа кете алады», деп мәлімдеген Дуров.

Сонымен бірге платформа басшысы Telegram-ды кінәратсыз жұмыс істейтін платформа деп атай алмайтынын да жеткізген. Дуровтың айтуынша платформа күн сайын миллиондаған зиянды жазбалар мен арналарды жояды.

«Мұның жеткізілксіз екенін түсінем. Telegram пайдаланушыларының санының 950 млн-ға күрт өсіп кетуі, қылмыскерлердің бұл платформаны өздерінің қитұрқы мақсатында пайдалануына жол ашты. Мен осы мәселені реттеу мақсатында өзіме нақты міндеттер қойып отырмын. Осы орайда жұмысымызды бастап та кеттік. Алдағы күндері жұмыс нәтижесімен бөлісем. Ал тамыздағы оқиғалар Telegram-ды және жалпы әлеуметтік медиа индустриясын қауіпсіз әрі жайлы етеді деген үміттемін»,- деп түйіндеген платформа басшысы.

Еске сала кетсек, 24 тамыз күні Telegram мессенджерінің иесі – Павел Дуров Париж әуежайында ұсталған болатын. Оны жеке ұшағымен Ле Бурже әуежайына қонған кезде Франция полициясы тұтқындады.

Франция прокуратурасы оған 12 қылмыс бойынша айып тағып отыр. Соның бірі – заңсыз транзакцияларды жүзеге асыру үшін онлайн-платформаны басқаруда ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне қатысу. Сонымен бірге уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тарту, ақшаны жылыстату және қылмыскерлерге криптографиялық қызмет көрсету секілді фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал 28 тамыз күні Дуров 5 млн еуро кепіл төлеп, бостандыққа шықты.  

Сондай-ақ оқыңыз