Алматы көшелері букмекерлік кеңселердің жарнамасынан қашан тазарады – әкім жауабы
Лудоманияға қатысты заң күшіне енсе де, букмекерлік кеңселердің жарнамасы әлі де қоғамдық орындарда ілініп тұр. Бостандық ауданының халқымен кездесу барысында әкім Ерболат Досаев жарнамалардың қашан алынатынын айтты.
Жиында қала тұрғыны лудоманияға қатысты заң күшіне енгеніне қарамастан, спорт кешендері мен тұрғын үй қабырғаларында букмекерлік кеңселердің жарнамалары самсап тұрғанын айтты.
«Лудоманияға қатысты заң қолданысқа енді. Бірақ Орталық стадион мен қаладағы тұрғын үй қабырғаларынан әлі де букмекерлік кеңселердің жарнамасы алынған жоқ. Бұл жарнама баннерлерін кім алуы керек? Қашан алынады?», – деп сұрады тұрғын.
Досаев заңда қоғамдық орындардан жарнаманы алуға белгілі бір уақыт берілетінін, сонда көрсетілген мерзім аясында қала көшелері букмекерлік жарнамалардан тазаратынын айтты.
«Бұл жұмыстарды Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы жүргізеді. Бізде жарнаманы орналастыру мәселесі бір министрлікке, спортқа қатысты жарнамалар Туризм және спорт министрлігіне қарайды. Сол себепті осы мәселеге қатысты екі министрлікпен жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жарнама агенттіктерімен сөйлесіп жатырмыз. Олар жарнамаларын алып тастауы керек. Бұл бағытта тиісті шаралар қабылданды»,– деді әкім.
Қала тұрғыны осы мәселемен урбанистика басқармасына хабарласпақ болғанын, бірақ бірде-бір телефон нөмірі бойынша хабарласу мүмкін болмағанын айтты. Әкім басқарма бастығына бұл олқылықтарды дереу шешуді тапсырды.
«Бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Кері байланыс мәселесін шешіңдер», – деді қала басшысы.
Еске сала кетсек, 8 шілде күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Заңға сәйкес букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылған.
Яғни букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.
Заң бойынша мынадай жерлерде ғана жарнамалауға рұқсат:
- Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға;
- Спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде;
- Спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.
Сонымен бірге мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге құмар ойын ойнауға тыйым салынған.