Қазақстан экономикасын не күтіп тұр? Ұлттық банк басшысы болжамын айтты
Қазақстан келесі жылы жетістікке көбірек жетеді. Осылай деп мәлімдеген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ел экономикасына қатысты өз болжамын айтты.
Елордада екінші күн жалғасып жатқан «Astana Finance Days» (AFD2024) конференциясына Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүйлеменов те қатысты. Ұлттық банк басшысы макроэкономикалық ахуалда Қазақстанды не күтіп тұрғанын айтып, өз болжамымен бөлісті.
«Келесі жылы біз біршама жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын және біздің болжамдарымыз басқаларға қарағанда консервативті. Десе де 2024-2025 жылдары өсім болады деп күтілуде»,– деді Тимур Сүлейменов Astana Finance Days форумында.
Сүлейменов Қазақстанның қаржылық қоры да өсіп жатқанын айтады. Сөзіне сенсек, бүгінде елдің қаржылық қоры 6 млрд доллардан асқан.
«Сондай-ақ бізде Ұлттық Банктің резервтері де бар, ол 42 миллиардтан асады. Зейнетақы қоры тағы бар. Сондықтан, жалпы алғанда, біз сенім артып отырған мемлекеттік резервтер шамамен 150 миллиардты құрайды»,– деп толықтырды Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүйлейменов ел экономикасы үшін инвестиция тарту мәселесін де қамтып өтті.
«Біз болашақ ұрпағымыз пайдалануы тиіс резервтеріміз бен қорымызды сақтап қалуымыз аса маңызды. Ол үшін көбірек инвестиция тартуға тиіспіз. Менің ойымша, АХҚО біз сүйенетін тетіктердің бірі болады. Қазақстанда сауда және инвестиция тұрғысынан қолжетімділік өте маңызды. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесіміз, елімізге келетін тауарлардан өзімізді оқшаулай алмаймыз. Сондықтан валюта бағамындағы кез келген өзгерістер де өз әсерін тигізеді. Бір жағынан жеңіп, енді бір жағынан жеңіліс табуымыз да мүмкін. Сол себепті қашанда инвестиция туралы ойлауымыз керек», – деді ол.
Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Astana Finance Days» (AFD2024) конференциясы жалғасуда. Бұл бүкіл Еуразия өңірінің қаржы саласының қазіргі заманғы проблемаларын, үрдістері мен мүмкіндіктерін талқылауға арналған диалог алаңы.
Осыған дейін Тимур Сүлейменов Ұлттық валюта бағамы 1 долларға 900 теңгеге дейін құнсыздануы мүмкін бе деген сұраққа жауап берген еді. Сүлейменов 2024 жылға арналған теңгенің орташа жылдық бағамы бір долларға 460 теңге болып белгіленгенін атап өтті. Банк басшысы бір жыл ішінде орташа бағам шамамен 460 теңге болады деп санайды.