Ипотека, авто несие, тұтынушылық қарыз: Қазақстанда әр борышкердің орта есеппен 2,4 млн теңге кредиті бар
Қазақстандықтарға жыл басынын бері 9 трлн тенге несие берілген. Бұл ретте жеке тұлғалардың несие портфелі 11%-ға өсіп, 21 трлн теңгеге жетті. Алматыда өтіп жатқан «Fcbk 2024: empowering business» форумында Бірінші кредиттік бюро басшысы Руслан Омаров осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, бүгінде борышкерлердің қарызының орташа сомасы 2,4 млн теңгені құрайды. Әр адамға 4 кредиттен келеді.
«Жеке тұлғалар бойынша несие портфелінің құрылымы мынадай. Тұтынушылық кепілсіз несиелер 50%, ипотека 28%, ал авто несие 14%», – деді спикер.
Руслан Омаровтың айтуынша, Қазақстанда авто несиеге сұраныс артқан.
«Сегіз айдың ішінде тұтынушылық несиелер 12%-ға, ипотекалық несиелер 5%-ға және авто несие көлемі 21%-ға өскенін байқап отырмыз», – деді Бірінші кредиттік бюро басшысы.
Бұл ретте тұтынушылық несиелер де айтарлықтай артқан. Барлық жаңа берілген қарыздардың 66%-ы дәл осы – кепілсіз тұтынушылық несиелердің үлесіне келеді.
«Жыл басынан бері портфель 11%, ал берілген кредиттер көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 20% өсті. Бұған негізінен тұтынушылық және кепілсіз несиелер ықпал етті. Бір қызығы, клиенттік база қазір несиелеу көлеміне қарағанда баяу өсіп жатыр. Яғни қарыз алған клиенттердің саны несие сомасынан аз. Қазақстанда орта есеппен әр борышкердің 4 несиесі бар. Олардың қарыз сомасы орташа алғанда 2,4 млн теңгені құрайды», – деді бюро басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін Бірінші кредиттік бюро басшысы қаржы ұйымдарының несие портфеліндегі бұрынғы бизнес қарыздарды қайта құрылымдауды ұсынды. 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, елде кәсіпкерлік несие мен бөлшек кредит нарығының жалпы көлемі 48,2 трлн теңгені құрады.