FaceID жүйесі: әкімдік «Даму бала» бағдарламасы бойынша балалардың секцияға қатысуын қадағалайды
Алматы әкімдігі «Даму бала» бағдарламасы бойынша секциялар мен үйірмелерге қатысатын балаларды FaceID бағдарламасы арқылы тексеріп отырады. Әкімдік осылайша жеткізушілердің қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізбекші. Бұл жайлы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімдік спорттық үйірмелер мен секцияларға тексеріс жүргізген. Нәтижесінде кейбір спорттық үйірмелердің санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні анықталған.
«Қызмет көрсету сапасын тексеру мақсатында арнайы мониторинг тобы құрылып, құрамына Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, аудан әкімдіктерінің өкілдері және белсенді азаматтар кірді. Мониторинг барысында қала аудандарында жұмыс істейтін 52 жеткізуші тексерілді. Соның нәтижесінде мекенжайлардың нақты болмауы, балалар санының сәйкес келмеуі, қосымша төлемдер алу, антисанитария және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау сияқты бұзушылықтар анықталды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Тексерістен кейін, әкімдік міндетіне салғырт қараған жеткізушілердің ісін құқық қорғау органдарына және прокуратураға жіберген.
Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында әкімдік жеткізушілерге қатысты талапты күшейту туралы шешім қабылдаған. Атап айтқанда, бағдарламаны одан әрі жетілдіру және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру үшін жаттықтырушылар мен нұсқаушылардың біліктілігіне қатысты талап жоғарылайды. Сондай-ақ үйірмелердің ғимараттарына ерекше мән беріледі. Оның сыйымдылығы мен жабдықталуы, қауіпсіздік техникасына қойылатын талаптар жеткізуші мен әкімдік арасында жасалатын келісімге енгізіледі. Сондай-ақ әкімдік қаланың 8 ауданында талдау жүргізіп, білім беру қажеттілігіне сай қызмет түрлерін ұсынуды көздеп отыр.
Ал балалардың секцияға қатысуын бақылау үшін FaceID жүйесі енгізілмек. Жүйе шығыны қаланың бюджеті есебінен өтеледі.
«Бұл жүйе баланың әрбір сабаққа қатысуын тіркеп, тек нақты көрсетілген қызметке ғана төлем жүргізуге мүмкіндік береді. DamuBala қосымшасында күн, уақыт және геолокация тіркеледі. Жүйені енгізу және оның жұмыс істеу шығыны жылдың соңына дейін қалалық бюджет есебінен өтеледі. Жеткізушілер аудан әкімдіктерімен қосымша келісімдерге қол қояды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Әкімдік мәліметінше, биыл шығармашылық және спорттық мемлекеттік тапсырысты іске асыруға шамамен 16,5 млрд теңге бөлінген. Үйірмелер мен секцияларға 72 633 бала қатысады. Ал оларға 1038 жеткізуші қызмет көрсетеді.
Сонымен бірге, әкіммен кездесуде, көптеген спорт үйірмесінің иелері көрсетілген қызмет үшін қаражат бөлінбей жатқанын айтқан болатын. Баспасөз қызметі төлем орындалған жұмыстар актісі тексерілгеннен кейін бөлінетінін хабарлады.